«Алматы–Қалбатау–Өскемен» тас жолындағы жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Ауқымды инфрақұрылымдық жоба аясында «Алматы–Қалбатау–Өскемен» бағыты бойынша республикалық маңызы бар автожолда жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда жол төсемінің асфальттау бөлімі 100 пайызға аяқталып, көлік қозғалысы толық ашылды. Сонымен қатар, аталған бағыттағы 220 кірме жолдың 179-ы жөндеуден өтті.
Қазіргі уақытта жол жиектерін нығайту, тосқауыл орнату, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде іске асырылуда. Жобадағы 3392 жол белгісінің 2800-ден астамы орнатылып, жолақтарды сызу жұмыстары да жеделдетілген тәртіпте орындалып жатыр.
Күре жол бойында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 49 жаңа аялдама павильоны салынуы тиіс. Қазіргі таңда бұл нысандардың 78 пайызы дайын.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында мал көп жайылатын аумақтар мен елді мекендер маңына торлы қоршаулар орнатылып жатыр. Бүгінде 18 000 метрден астам аумаққа бөгеттер қойылып, бұл бағыттағы жұмыстардың 92 пайызы орындалды.
Сондай-ақ қыста жолды қардан қорғау үшін ұзындығы 30 000 метр болатын қар бөгейтін шарбақтар салынуда.
Жобаны іске асырып жатқан «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, барлық жаңғырту және қауіпсіздік шаралары 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.