ТЖМ азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді

Шомылу маусымында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ТЖМ қызметкерлері белсенді профилактикалық жұмыс жүргізуде. Құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады.
Бүгінгі күні еліміздің су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 722 орын бар. Еліміздің су айдындарында суға шомылуға болмайтыны және тыйым салынғаны туралы «Шомылуға тыйым салынады» деген 6784 ескерту белгісі орнатылды. Тыйым салынған және рұқсат етілген шомылу орындары туралы деректер «2GIS» платформасында орналастырылған.
ІІМ қызметкерлерін тарта отырып, суда 30 мыңнан астам патрульдеу мен рейд жүргізілді. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 902 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында 37 адам, оның ішінде 12 бала суға батып кетті. 13 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды.
Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген және жабдықталмаған су көздерінде болады. Әрбір азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс.
Еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болу фактілерін болдырмау және азайту мақсатында ТЖМ судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.
Олардың негізгілері:
- тек рұқсат етілген (жабдықталған) жерлерде шомылыңыз;
- суға шомылуға тыйым салынған жерлерге суға түсуге қатаң тыйым салынады;
- су маңындағы демалыста алкогольді пайдаланбаңыз;
- буйкалардан асып жүзбеңіз;
- жартастардан, шатқалдардан және осы мақсаттарға арналмаған басқа жерлерден суға секірмеңіз;
- су көліктеріне жақын жүзуге болмайды;
- дабыл туралы жалған дыбыстар шығармаңыз;
- ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
Барлық азаматтарды өз өмірлері мен жақындарының өміріне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Жоғарыда аталған ережелерді қатаң сақтаңыз.