Облыс әкімі Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданының орталығы Бесқарағай ауылында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.
Жиында алдымен аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев Бесқарағай ауданының 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Бұдан кейін баяндама жасаған аймақ басшысы облыстың барлық аудандарын аралап, шалғай ауылдар мен бұрынғы аудан орталықтарының жағдайымен тікелей танысқанын атап өтті. Ауылдардың инфрақұрылымын жетілдіру, халықты сапалы жол, ауыз су және медициналық қызметпен қамтамасыз ету, тозығы жеткен бiлiм мен мәдениет нысандарын жаңарту басты назарда екенін жеткiздi.
Аймақ басшысы Бесқарағай ауданындағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан нақты жобаларға тоқталды. Глуховка, Жыланды, Мостик, Баскөл және басқа да елдi мекендерде ауыз су желiлерiн жаңарту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Аудан бойынша тозу деңгейi 77,7 пайыз болатын 39 шақырым су желiсiн ауыстыру үшiн 5,1 млрд теңге қарастырылған.
Жол жөндеу жұмыстары да жүйелi жүргiзiлуде. Биыл аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 974,7 млн теңге бөлiнген. Сонымен қатар, ауданда тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында 30 отбасыға арналған тұрғын үйлер салынуда.
Бiлiм саласында 9 мектепті жөндеу, 2 мектептiң шатырын күрделi жөндеу, 5 пәндiк кабинет пен 3 мектепке автобус сатып алу жоспарланған. Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында аудандық аурухана ғимаратының шатыры мен үшiншi қабатын күрделi жөндеуге 100 млн теңге, медициналық техника сатып алуға 82,9 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Канонерка ауылында дәрігерлік амбулатория, Беген, Бозтал ауылдарында жаңа медициналық пункттер салу жоспарда бар.
Ауданда мәдениет пен спорт саласы да назардан тыс қалған жоқ. Бесқарағай ауылында жүзу бассейнi, Ерназар ауылында спорт модулi, сондай-ақ, Глуховка, Беген, Ерназар ауылдарында 100 орындық клуб үйлерi салынып жатыр.