Абай облысында табиғи өртке қарсы шаралар күшейтілді

Өңірде өрт қауіпті кезеңі 7 сәуірден басталды. Орман мен даладағы өрттің алдын алу үшін ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы ТЖД мемлекеттік бақылау басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Әсет Түйінбаев баяндады.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғау, полиция, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен құралған 170 адамдық 38 мобильді топ жасақталды. 330-дан астам рейд жүргізіліп, нәтижесінде 93 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 4,4 миллион теңгеден асқан.
Сонымен қатар, аймақта 269 елді мекен құрғақ шөптен тазартылып, орман өртінің алдын алу үшін 1,7 мың шақырымнан астам минералданған жолақ жасалды. 70 өрт сөндіру бекеті мен 10 ерікті құралым жұмыс істейді.
Абай облысының ТЖД тұрғындарды орман мен далада от жақпауға, темекіні тастамауға және шыны қалдықтарын қалдырмауға шақырады.