Облыс әкімі Курчатов қалалық ауруханасының жұмысымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатов қалалық ауруханасында жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
2024 жылы аурухананың бірінші қабатына күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл наурыз айынан бастап медициналық мекемелерді жаңғырту бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, аурухананың 4-інші қабаты күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінде медициналық мекемеде 149 адам еңбек етеді. Оның 22-сі – дәрігер. Медициналық мекемеде тәулік бойы жұмыс істейтін 35 төсектік стационар мен 31 төсектік күндізгі стационар бар. Дегенмен қазіргі таңда кардиолог, анестезиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері және педиатр сынды мамандар тапшы.
Аурухананың бас дәрігері аймақ басшысына медициналық мекеменің 3-інші қабатын күрделі жөндеуге қаражат мәселесін шешуге көмектесуді сұрады. Облыс әкімі бұл мәселенің назарға алынып, әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтты.