Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында орман және дала өрттерінің алдын алу, отбасының цифрлық картасындағы «Д» және «Е» санаттарындағы азаматтар санын қысқарту жөніндегі жоспардың орындалуы, 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын дайындау және өткізу мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатовтың мәліметінше, 2025 жылғы өрт қауіпті маусымға дайындық аясында өңірде бірқатар кешенді шаралар іске асырылған. Орман алқаптарына жақын елді мекендерде механикаландырылған күзеттер қойылып, өрт жағдайларына жедел әрекет ету үшін арнайы тікұшақтар мен авиация кезекшілікке тартылған.
Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан, биыл табиғи өрттің саны өскен. 252 табиғи өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артық.
Орман өртінің алдын алу мақсатында 170 адамнан тұратын 38 мобильді топ құрылған. Олар 334 рейд өткізіп, 93 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Жиында шалғай ауылдық елді мекендерде құрылған 70 өрт сөндіру бекеттерінің көпшілігінің жылы ғимаратпен жабдықталмағаны айтылды. Бұл жағдайлар қысқы кезеңде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.
Аймақ басшысы кеңесте салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке «Семей орманы» резерватымен және тиісті министрлікпен бірлесіп, резерват аумағында өртті ерте анықтайтын автоматтандырылған жүйені орнатуды, Ресеймен шекаралық белдеуде орман соқпағын салу және түптегіш техникаларды лизинг арқылы алуды, министрліктен резерватқа сақтауға берілген техниканы тиімді пайдалану мәселесін шешуді, сондай-ақ орман өртін сөндіру бойынша кадр тапшылығын жою жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, өңірдегі ерікті өртке қарсы құрылымдардың жұмысын саралап, нәтижесін баяндап, облыстағы минералды жолақтарды қоқыстан тазарту шараларына мониторинг жүргізу қажеттігін айтты.