Айнұр Арғынбекова: «Шалғай жерде де ауыл медицинасы мен балалардың демалыс орындары қолжетімді болуы тиіс»

Сенатор Айнұр Арғынбекова Абай облысындағы Абай және Бесқарағай аудандарында болды. Онда ауылдағы дәрігерлік мекемелердің жай-күйіне және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға назар аударылды.
Депутат Абай ауданында болған кезде Орда, Медеу және Саржал ауылдарындағы жаңа фельдшер-акушерлік бекеттердің жұмысымен танысты. Дәрігерлік мекемелер «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының арқасында салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда, сенатор атап өткендей, аумақты абаттандыру, септик салу, ішкі үй-жайларды жарақтандыру мәселелері шешілмей отыр.
«Ауыл медицинасы ғимарат пен жабдық қана емес, бәрінен бұрын адамдарға көмек көрсетудің сапасы мен қол жетімді болуы. Біз барған дәрігерлік мекемелер негізгі стандарттарға сәйкес келеді, бірақ абаттандырудан бастап санитарлық жағдайды қамтамасыз етуге дейінгі барлық жұмысты аяқтау қажет. Тіпті шалғай ауылдағы әр тұрғын өз денсаулығына мемлекет көңіл бөлетінін сезінуі маңызды», - деп атап өтті сенатор.
Депутат Абай аудандық ауруханасында болып, бөлімшелердің жұмысымен танысты. Ол мұнда санитарлық көлікпен қамтамасыз ету, медициналық кадрлардың тапшылығы және ғимаратты күрделі жөндеу қажеттілігі мәселелерін басшылықпен бірге талқылады. Сапарда Кеңгірбай би ауылындағы балалар лагері мен Көкбай ауылындағы спорт кешенін пайдалануға беру мерзімін кешіктіру мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Балалардың жазғы демалысы сән-салтанат емес, олардың толыққанды дамуына қажетті ахуал жасау. Лагерь мен спорт алаңын пайдалануға берудің созылып кетуі, әсіресе, маусым кезінде кешігуі алаңдаушылық туғызады. Біз барлық балаларға, олар қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан, тең жағдай жасауымыз керек. Бұл барлық жауапты құрылымдар тарапынан шұғыл аяқтауды талап ететін міндет», - деді Айнұр Арғынбекова.
Депутат Бесқарағай ауданында Канонерка, Беген, Бостал және Қарабас ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың жағдайымен танысты. Сенатор сондай-ақ Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы қарсаңында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқан «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мұражайында болды. Айнұр Арғынбекова еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы қазақ ағартушысының зор еңбегін атап өтті.