Абай облысында 39 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Абай облысында жарияланған «Таза Қазақстан» санитарлық-экологиялық бағдарлама аясында 39,3 мың тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы полигондарға шығарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыру бөлімінің бас маманы Нұрдаулет Мұқашов мәлімдеді.
Биыл сәуір-мамыр айлары аралығында қарқынды өткізіліп жатқан сенбіліктерге 227 мыңнан астам тұрғын, 10 мыңнан аса ұйым және 4 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Ауқымды науқан барысында 132 мыңнан астам аула, 1900 саябақ пен сквер, 100 мың метрге жуық арық жүйесінің маңы тазартылды.
Көктемгі көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілген. Биылғы 26 сәуірде өткен «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» кезінде өңір аумағында 23 мыңнан астам көшет отырғызылды. Сонымен қатар «Түлектердің ағаш егуі» және «Болашақты бірге отырғызамыз» экологиялық акциялары барысында 11 мыңнан астам ағаш егілген. «Семей орманы» аумағында 1,5 гектар жерге 3400-ден астам жасыл желек отырғызылған.
Жасыл инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде жаңа құрылым — «Жасыл Ел Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеменің директорының орынбасары Дамир Рахимжановтың айтуынша, алдағы уақытта көшетхана мен жылыжай салынып, Семей қаласының сол жағалауында «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспарланған.
Экологиялық мәдениетті нығайту, қоршаған ортаны сақтау және көгалдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын таппақ.