Астанада мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды

Астанада «Кедергісіз: қоғамдастықтың мемлекетпен тікелей кездесуі» тақырыбында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында қолжетімді ортаны қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу және т.б. мәселелер талқыланды.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Бала құқықтары және халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілдер, сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар өңірлік басқармаларының басшылары, ғалымдар, сарапшылар және мүгедектігі бар адамдар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Светлана Жақыпова өзінің кіріспе сөзінде мүгедектіктің медициналық-әлеуметтіктен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу жағдайында үйлестіру кеңесінің ашық диалог алаңы ретіндегі рөлі күшейіп келе жатқанын, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін және оларды жеткізушілерді дербес таңдайтын әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар еткенін атап өтті.
«Ағымдағы жылдың басынан бастап әлеуметтік қызметтер порталында жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап алуға мүмкіндік беретін интеллектуалды чат-бот енгізілді. Жасанды интеллектті (бұдан әрі – ЖИ) қолдана отырып, өтініштерді цифрлық диагностикалау және өңдеу тетіктерін енгізу жалғасуда. Мұндай шешімдер жүйені ашық әрі адамдарға ыңғайлы етеді», – деп атап өтті министр.
Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейту, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету және т.б. мәселелер талқыланды.
Көлік министрлігінің өкілдері инватаксилерге қолжетімділікті кеңейту туралы баяндады: қызмет көрсетудің жаңартылған ережелері 2025 жылы күшіне енді, көрсеткіштер тізбесі кеңейтілді, қызметтің Әлеуметтік қызметтер порталымен интеграциясы қарастырылды. Сонымен қатар, елімізде 1025 автокөлік паркі бар 142 инватакси қызметі жұмыс істейді.
Іс-шарада есту қабілеті бұзылған адамдар үшін тілдік кедергіні жоюға бағытталған инновациялық әзірлеме – SignBridge платформасы ұсынылды. ЖИ көмегімен оқу материалдарын, мультфильмдер мен фильмдерді ым-ишара тіліне аударуға, сондай-ақ пайдаланушыларға ым-ишараны дұрыс жасауды үйретуге мүмкіндік береді.
«SignBridge сияқты бастамалар әрбір адам денсаулығындағы ерекшеліктерге қарамастан ақпарат алып, ана тілінде оқи алатын қоғам құруға көмектеседі», – дейді «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» РҚБ өкілі Нұрзада Амангелді.
Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді дамыту жайы сөз болды. Білім министрлігінің мәліметінше, елде жеке көмекшілер институты іске қосылды, бұл мыңдаған баланы үйден мектепке ауыстыруға мүмкіндік берді. 1 092 қолдау кабинеті құрылып, 91 мың бала қамтылды. Инклюзивті оқыту үшін жағдайлар балабақшалардың 70%, мектептердің 90% және колледждердің 81%-ында қамтамасыз етілген. Қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілген, 3,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді.
Туризм және спорт министрлігінің өкілдері инклюзивті спортты дамытудағы табыстар туралы баяндады: 2025 жылы VII Спартакиадаға 1791 қатысушы жиналса, мүгедектер арасында спортпен жүйелі түрде айналысатындардың жалпы саны 61 мыңнан астам адамды құрады.
Күн тәртібінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша өңірлердің тәжірибесін таныстыру қарастырылды. Осылайша, еліміздің ең ірі қаласында «Инклюзивті Алматы» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда, Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі балаларды үй жағдайында оңалту бойынша пилоттық жоба енгізілуде.
Жан басына қаржыландыру тетігін және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдарды лицензиялау мәселелерін талқылауға ерекше назар аударылды.
Қорытынды сөзінде министр Светлана Жақыпова алдағы жұмыстардың негізгі бағыттарын атап өтті.
«Бүгін біз мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды мәселелерді талқыладық. Басымдықтардың қатарында өнімнің сапасы мен таңбалануын қамтамасыз ете отырып, оңалтудың техникалық құралдарын монетизациялауға көшу, санаторий-курорттық емдеу сапасын арттыру, сондай-ақ уақытша пайдалану негізінде техникалық құралдар мен қызметтерді ұсыну жүйесін жаңғырту бар», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министр ым-ишара тілін тілдік жүйе ретінде танудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынына тоқталып кетті.
Қорытындылай келе, қатысушылар азаматтық сектормен ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтіп, жоспарланған міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.