Жастар ісі жөніндегі мамандарды оқыту: цифрландыру мен инновацияға баса назар аудару

2025 жылдың 16 шілдесінде Орал қаласында мемлекеттік жастар саясаты мектебі аясында төртінші өңірлік семинар-тренинг басталды.
Іс-шараға жастар ресурстық орталықтарының 40-тан астам маманы жиналды.
Семинардың мақсаты –мамандардың біліктілігін арттыру және жастармен жұмыс істеудің озық әдістерін енгізу.
Семинар-тренинг бағдарламасы цифрлық дәуірдегі қатерлерге бағытталған.
Қатысушылар бүгінде жастармен жұмыс істеу үшін міндетті кәсіби стандартқа айналған ақпараттық қауіпсіздік қағидаттарын зерделеп, жасанды интеллект құралдарын және жобалық басқару негіздерін меңгерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Оралда өткен семинар – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асыратын ұзақ мерзімді білім беру жобасының бөлігі. Бұл жоспарланған бес тренингтің төртіншісі болды.
Бұған дейін семинар Қосшы, Шымкент және Алматы қалаларында өтті, ал соңғы семинар Павлодарда ұйымдастырылады.
Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің жобасы жастар саясаты саласында мықты кәсіби қоғамдастық құруға және жас ұрпақтың дамуына ықпал ететін инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған.