«Бұл – Орталық Азияның басқа елдеріне үлгі»: халықаралық сарапшы Қазақстанның жаңа Су кодексіне жоғары баға берді

Халықаралық су ресурстарын басқару институтының Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Искандар Абдуллаев Қазақстанда қабылданған жаңа Су кодексіне жоғары баға берді.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның су заңнамасын жаңғыртуы – Орталық Азияның басқа елдері үшін оң бағыттағы үлгі.
Жаңа Су кодексі биыл 10 маусымнан бастап күшіне енгенін еске сала кетейік. Құжатты әзірлеу кезінде Су ресурстары және ирригация министрлігі бес негізгі принципке сүйенді. Олар: суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың өмір сүру негізі және экономикалық дамудың іргетасы ретінде тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау мен пайдалануға қоғамды тарту.