Сенаторлар журналистермен кездесті
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «EL ARNA» телеарнасында болды.
Сенаторлар кездесу барысында журналистермен және телеарна басшылығымен бірге мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен маңызын талқылады.
«Біз жастарды тәрбиелеуге ерекше назар аударуымыз керек. Біздің комитет бұл мәселені үнемі көтеріп келеді. Қазір бұл салада көптеген жұмыстар атқарылуда, заңдар қабылдануда, жастардың материалдық жағдайын жақсартатын жақсы мемлекеттік бағдарламалар бар. Бірақ біз идеологияны ұмытпауымыз керек. Бұқаралық ақпарат құралдарының бұл бағыттағы рөлі аса маңызды», - деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.
«Хабар» агенттігінің Басқарма басшылығы сенаторларға «EL ARNA» телеарнасының алдында тұрған жұмыс жоспары мен мақсаты туралы айтып берді. Оның айтуынша, арнаның негізгі аудиториясы 14 пен 36 жас аралығындағы жастар болып табылады. Жастардың ой-өрісін кеңейту және қоғамның мәдени білім деңгейін үнемі арттырып отыру – олардың басты мақсаты.
Сенаторлар кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер Сенат қабырғасында өткізуді жоспарлап отырған «Мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбы бойынша өтетін дөңгелек үстелге әзірлік барысында ескерілетінін атап өтті.
Суретті түсірген: Б. Серікбай