2029 жылға дейін ауылда 1 млн жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр – Д. Қыдырәлі
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қаралды. Мәселе бойынша ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндама жасады.
«2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына қатысты айтылған ескертулер мен ұсыныс-пікірлер ескеріліп, қайта пысықталды. ҚР Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімдерімен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен және орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, бірқатар өзгеріс енгізілді», — деді министр.
Атап айтқанда, индикаторлар саны 10-нан 12-ге, кешенді іс-шаралар саны 72-ден 80-ге артты. Тұжырымдаманың негізгі идеясы – «Жастар үшін» парадигмасын «Жастармен бірге» бағытына ауыстыру. Аталған құжат жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 7 бағыттан тұрады.
«Жастар және ауыл» бағыты. Бүгінде жастардың 43,7%-ы ауылда тұрады. Тұжырымдамада ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға бас назар аударылады. Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.
«Жоғарыда аталған шаралар аясында 2029 жылға дейін 1 млн ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 млн жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 млн жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген», — деді Дархан Қыдырәлі.
«Азаматтық қатысу және шешім қабылдауға атсалысу» бағыты. Мемлекет басшысының саяси реформалары аясында бекітілген жастарға арналған 30% квота олардың саяси белсенділігін арттыруға серпін берді. Министрдің айтуынша, сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастарды мектеп пен студенттік кезден өзін-өзі басқаруды, пікірталастарды дамытудан бастап, мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестеріне қатысуға дейінгі шешімдер қабылдау процесіне біртіндеп тартуды көздеп отыр.
Нәтижесінде 2029 жылға дейін қоғамдық кеңестердегі жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, 2,2 млн жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарлануда.
«Заманауи құндылықтар және патриоттық тәрбие» бағыты. Тұжырымдамада мемлекеттік тілде заманауи зияткерлік ойындарды насихаттау, отбасын қолдау орталықтарын жетілдіру, сондай-ақ жастар арасында өз мемлекетін қорғауға дайындықты нығайту жұмыстары іске асырылады.
2029 жылға дейін «Айбын», «Найза» ойындарына қатысушылар саны 22мыңға, әскери музейлерге баратын жастардың санын 75 мыңға артады және 880 мың жас әскери-спорттық іс-шараларға қатысады деп жоспарлануда.
«Салауатты өмір салты» бағыты. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, жастарды бұқаралық спортқа тарту үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту да жүргізіледі. Нәтижесінде жастардың репродуктивті денсаулығының алдын алу және қолдау мәдениетіне көңіл бөлінеді. АИТВ-инфекциясына тегін тестілеумен қамту және осы проблеманың алдын алу кеңейтіледі.
Сондай-ақ өңірлердегі 2 мыңнан астам спорттық жастар клубының инфрақұрылымын әрі қарай дамыту қарастырылуда. Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған 6 мыңнан жуық ақпараттық телеөнім әзірленіп, жарияланады. Жастар денсаулығы орталықтарында жастарды психикалық және репродуктивті денсаулықтың профилактикасымен қамту үлесі 3 млн-ға дейін ұлғаяды.
«Жастар әлеуеті және кәсіпкерлік» бағыты. Жұмысқа уақытша орналаспаған жастар көрсеткішін төмендету мақсатында кәсіби бағдарлау жұмысы бойынша еріктілер жобалары іске асырылады. Тұрақты негізде NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына жүйелі мониторинг жүргізіледі.
Нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие беріледі. Пысықтау нәтижесінде қосылған индикаторлардың бірі – жастарды жұмыспен және жоғары біліммен қамту. Нақтырақ айтқанда, 2,3 млн жасты жұмыспен, 2,8 миллион жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр.
«Ақпараттық кеңістік» бағыты. Жаңа медиаға және жастар арасындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен жұмыс істеуге баса назар аударылады. Қолдау шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша ыңғайлы цифрлық форматта жиналады. Іске асырылып жатқан шараларды объективті бағалау үшін жастарды дамыту индексі енгізіледі.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы бірыңғай республикалық ғылыми-әдістемелік институтқа трансформацияланады. Нәтижесінде 90% жас мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар болады деп күтілуде.
«Оқу-ағарту және мәдениет» бағыты. Шығармашылық индустрия жастардың қызығушылғын оятып, өз қабілетін жүзеге асыратын ортаға айналады. Дарынды жастарды қолдау жөніндегі шаралар кешенін, оның ішінде әртүрлі гранттық жобаларды іске асыру жалғасады.
«Астана, Алматы және Шымкент қалаларында креативті кластерлер құру – жоспарда. Жастар мен волонтерлік бастамаларды дамытуға бағытталған жобаларды гранттық қаржыландыру ұлғаяды. Нәтижесінде мәдени-шығармашылық іс-шараларға жұмылдырылатын талантты жастардың саны 500-ден 1,1 млн адамға дейін артады және жыл сайын 1 000 жас ғалымның зерттеуіне грант беріледі», — деді министр.
Д. Қыдырәлінің айтуынша, жобаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен көзделген қаражат барлығы 492,1 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет – 385,6 млрд теңге, жергілікті бюджет – 106,5 млрд теңге.