ҚХА жастары арасында республикалық Абай оқулары өтті
Абай облысында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай республикалық «Абай оқулары» кең ауқымды іс-шаралар легі өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық жас, түрлі этнос өкілдері киелі Абай жерінде бас қосып, жас ұрпақты достық пен рухани құндылықтарға баулыған мазмұнды бағдарламаға қатысты.
Фестиваль аясында жастар Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенелеріне, Күшікбай батыр мазарына, Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліге барып, викториналарға, зияткерлік кездесулер мен мәдени шараларға қатысты. Дәстүр мен тарихқа негізделген рухани саяхат әрбір қатысушыға ұмытылмас әсер сыйлады.
Шара соңында қатысушылар ұлы ақынның рухына тағзым етіп, Абай музейі аумағында орналасқан «Абай және ұлдары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов Абай мұрасының жастар арасында насихатталуы туралы айтып өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сөз алған «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмұрбаев Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталды.
Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың арнайы құттықтау хаты оқылды. Хатта ойшыл мұрасын насихаттаудың ел болашағы үшін маңыздылығы атап өтілді.