Jańa Dala / Green Day ‘2025 көрмесіне 10 мыңнан астам адам қатысты

Сурет: АШМ
Елдегі ең ірі агроөнеркәсіптік көрме-демонстрация — «Jańa Dala / Green Day ‘2025» өз жұмысын аяқтады. Көрме бірқатар рекордтарды жаңартып, елдегі аграрлық инновациялардың жетекші алаңы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
«Ақтық» агрофирмасы» АҚ демонстрациялық алқаптарында ұйымдастырылған дәстүрлі Дала күніне 10 мыңнан астам фермер, агроқұрылым басшылары, агрономдар, ғылыми мекемелер мен салалық бірлестіктер өкілдері, сондай-ақ шетелдік делегациялар қатысты.
383 гектардан астам аумақта іс-шара тарихындағы ең ауқымды ауыл шаруашылығы техникасының экспозициясы ұсынылды – 500-ге жуық заманауи техника мен құрал-жабдық көрсетілді. Қонақтар тракторлардың, тұқым сепкіштердің, бүріккіштердің және басқа да техникалардың соңғы үлгілерінің жұмысын тікелей бақылай алды.
Көрменің маңызды оқиғаларының бірі – асыл тұқымды ірі қара малдың аукционы болды. Мұнда жаңа рекорд орнатылды: Qazaq Aqbas тұқымының 17 айлық бұқасы «Жойқын» 6 млн теңгеге сатылды.
«Үздік бұқа» аталымында абсолютті чемпион атағын Ангус тұқымының «Maverick» есімді өкілі жеңіп алды. Оның иелеріне «Агротехменеджмент» компаниясы жаңа трактор табыстады.
Ұйымдастырушылардың бастамасымен көрмеге Астана қаласы мен Ақмола облысынан 500-ден астам мектеп оқушысы қатысты. Жас қонақтар үшін экскурсоводтар мен шеберлік сабақтары бар танымдық бағдарлама әзірленіп, естелік сыйлықтар тапсырылды.
Көрме аясында заманауи агробизнестің негізгі бағыттары: ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, инновациялық технологиялар мен агрохимия, сондай-ақ «Табысты гектар» жобасы ұсынылды.
Айта кетейік, 31 шілде мен 1 тамыз аралығында Қостанай облысындағы «ШҚ Восток-1» және «Агрофирма Қарқын» ЖШС алқаптарында халықаралық ауыл шаруашылығы көрме-демонстрациясы — «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» өтеді.