Мәулен Әшімбаев Индонезия Парламенті Палатасының Вице-спикерімен кездесті
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Индонезия Халықтық консультативтік конгресі Өңірлер өкілдері кеңесі төрағасының орынбасары Ноно Сампономен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты және парламентаралық байланысты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев биыл Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын және кездесудің осындай мерейлі кезеңде өтіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол өзара іс-қимылды парламентаралық деңгеймен бірге халықаралық ұйымдар аясында да арттырудың маңызды екенін айтты.
«Біз Индонезиямен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Осы ретте конституциялық реформалар жүргізу және оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы қазақстандық тәжірибені зерделеу үшін индонезиялық депутаттар Астанаға арнайы келгенін атап өткен жөн. Бұл – Парламенттеріміздің өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Парламентаралық Одақ, Азия Парламенттік Ассамблеясы сияқты халықаралық ұйымдар аясында да байланысымызды нығайтудың маңызы зор. Бұл сапар елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Одан бөлек, сұхбаттасушылар сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелеріне назар аударды. Кездесу барысында Индонезия астанасын Нусантара қаласына көшіру және осы бағыттағы Қазақстанның оң тәжірибесі де әңгімеге арқау болды.
Өз кезегінде Ноно Сампоно кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа алғысын білдіріп, Индонезия Қазақстанмен байланысты нығайтуға және парламентаралық өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
Суретті түсірген: Н. Байбулин