«Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларына қатысты тергеу ісі қоғам назарында
Астанада «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының екі топ-менеджері ұсталды. Оларға қатысты сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аталған жағдайға қатысты әлеуметтік желі қолданушысы Асқар Джапаров өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл компаниялар еліміздің экономикасына елеулі ықпал ететін, қомақты бюджеттерді басқаратын ірі ұйымдар. Сондықтан олардың басшыларына жүктелген жауапкершілік те жоғары.
Сондай-ақ желі қолданушысы істің барлық мән-жайын анықтап, тергеу барысында жиналған материалдарға құқықтық баға беру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, оларға заңда көзделген тиісті жаза қолданылуы тиіс. Ірі ұлттық компаниялардың басшыларына да өзгелерден бөлек жағдай жасалмауы керек.
Қазіргі таңда тергеу органдары істің мән-жайын анықтап, тиісті материалдарды зерделеуде. Алдағы уақытта тергеу нәтижесінде күдікке ілінген тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Айта кетейік, заңнамаға сәйкес, адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі. Сондықтан аталған іс бойынша түпкілікті қорытынды тергеу мен сот процесінің нәтижесіне байланысты болады.