Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Абайдың 180 жылдығы аясында Семей мен Қарауыл бағытында 180 шақырымдық ультрамарафон өтеді

Кеше, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай облысында ұлттық рухты ұлықтап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бірқатар спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Абай облысы олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Мұхит Тұрсынов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 4 тамыз күні Семей қаласында күштік экстрим бойынша «Семей батыры» атты ашық турнир өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, 3–6 тамыз аралығында қазақ күресінен Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпаздары анықталады. Ал 7 тамыз күні Абай жолына тағзым ретінде Семей мен Қарауыл бағыты бойынша 180 шақырымдық ультрамарафон ұйымдастырылып, ұлттық мұра мен тарихи жадыға құрмет көрсетілетін болады.

Мерейтой аясындағы маңызды спорттық іс-шаралардың бірі – 7–10 тамыз күндері Абай ауданының Қарауыл ауылында өтетін «Жеті қазына» жобасы болмақ. Бұл туралы бұған дейін өткен баспасөз мәслихатында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов та атап өткен болатын.

– Ауқымды бағдарламада дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, тазы жарысы, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және ат спорты ойындарының бірнеше түрлері қамтылған. Жарыстар жорға жарысы, топ бәйге, аламан бәйге секілді ат спортын, сондай-ақ қазақ күресінің «Өгіз палуан» (74 кг дейінгі салмақ) және «Түйе палуан» (90 кг-нан жоғары салмақ) санаттарын қамтиды, – деп атап өтті спикер.

Спикердің айтуынша, ұлттық спорт түрлерінде жеңіске жеткендерге аса қомақты жүлделер тағайындалған. Мәселен, аламан бәйгеде бірінші орынды жеңіп алған шабандозға нарықтық құны 22 миллион теңгеге дейін жететін заманауи автокөлік табысталады. Тоғызқұмалақ ойынының үздігіне отандық өндірістен шыққан Lada Granta көлігі, ал қазақ күресінің «Түйе палуан» салмағында жеңіске жеткен балуанға Chevrolet Monza маркалы автокөлік сыйға беріледі. Дәстүрлі садақ ату мен құсбегілік жарыстарының жеңімпаздарына үш бас жылқыға дейін, сондай-ақ жекелеген сайыстарда 2 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйақы мен 1–5 бас аралығындағы асыл тұқымды жылқылар беріледі.

– Бұл додаларға Абай облысының атынан еліміздің және халықаралық ареналарда жеңіске жеткен тәжірибелі спортшыларымыз қатысады. Олар – тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Исахан Аяна, құсбегіліктен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Ерзат Байқадамов, садақ атудан халықаралық сайыстардың жеңімпаздары Асқарбек Усабаев, Темірлан Түсіпханов және Елзат Маусымбек. Сонымен қатар қазақ күресінен Қазақстан және Азия біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері – Дидар Тұқышев, Есхат Тұрсынбек, Дәурен Нуралинов сынды балуандар бозкілемге шығады, – деді Мұхит Тұрсынов.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив