Cемей-17°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
489.15 533.47 5.64

АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ (АҚПАН АЙЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ)

3-03-2025, 13:55 018.kz

Соңғы уақытта «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындайтын Абай облысының қала және аудан әкімдерінің рейтингі қызу талқыға түскені анық. Бұл рейтинг тұрғындарға әкімдердің өз міндеттерін қаншалықты орындайтынын көруге, сондай-ақ олардың жұмысының күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік беріп келеді. 

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды.

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Алғашқы үштік рейтинг көшбасшылары: 

1) Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев

2) Талғат Батырұлы Мұратов

3) Мейіржан Серікбосынұлы Смағұлов

Орташа рейтинг:

4) Нұрбек Тұрсынқанұлы Қошқарбаев

5) Ерсін Кәдірбекұлы Ескендіров

6) Айдар Маратұлы Ибраев

7) Ақылбек Жұмабекұлы Башимбаев

8) Данияр Қайырханұлы Шәкәрімов

9) Дәурен Бақытжанұлы Қойгельдин

Аутсайдерлер: 

10) Нұрлан Мұхаметрақымұлы Борсықбаев

11) Алмас Таныбекұлы Тастенбеков

12) Болат Таңсықбайұлы Әбдірәлиев

1. Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы - Көкпекті ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Көкпекті ауданының әкімі Қожанбаев Әділет Нұрсағатұлы 2461,4 ұпаймен 2025 жылдың ақпан айының рейтингінде бірінші орынды иеленді.

Көкпекті ауданының әкімі халықпен тығыз байланыс орнатуға және өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге барынша белсенділік танытуда. Ақпан айында әкім төрт рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың сұрақтары мен өтініштеріне назар аударды.

Аудан басшысы әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты әртүрлі сала өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, комиссия отырыстарын өткізді. Сонымен қатар, туған жерге қызмет ететін жас мамандардың қатарын арттыру мақсатында білім беру мекемелерінде арнайы кездесулер өтті. Әкім М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде және Шәкәрім университетінде студенттермен жүздесіп, жастарды ауданның дамуына үлес қосуға шақырды.

Биыл қыс мезгілінде ауданда қардың ерекше қалың түсуіне байланысты, қар тазалау және күреу жұмыстары барынша күшейтілді. Бұл жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін жергілікті коммуналдық қызметтер мен тиісті мекемелер жұмылдырылды.

Әкімдік алдағы уақытта да халықтың ұсыныстары мен аймақтағы түйткілді мәселелерге назар аударып, жүйелі жұмыстар жүргізетінін атап өтті.

Әлеуметтік желілерді жүргізу туралы ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрмен қарай арттыру ұсынылады.

2. Мұратов Талғат Батырұлы – Семей қаласының әкімі.

Қаңтар айының үздігі атанған Семей қаласының әкімі Талғат Батырұлы Мұратов 2398,8 ұпаймен екінші орынға жайғасты.

Қала әкімі ақпан айының алғашқы жұмысын Силикатный кенті маңындағы ескі зиратты жаңғырту мәселесін қарастырудан бастады. Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын талқылап, қажетті жұмыстарды үйлестіру бағытында тиісті мекемелермен кездесулер өткізді.

Әкім өнер, мәдениет және спорт салаларына ерекше көңіл бөлуде. Ол Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған іс-шараларға қатысып, сондай-ақ Шинкиокушинкай каратэден өткен қала чемпионатында бой көрсетті.

Тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауға да баса назар аударылды. Ақпан айында әкім бес рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, кеңейтілген ақпараттық жиындар ұйымдастырылып, қаладағы негізгі түйткілді мәселелер талқыланды.

Қалада абаттандыру жұмыстары жоспарланып, орташа жөндеу жұмыстары қадағаланды. Қыс мезгілінде қардың қалың түсуіне байланысты, қар тазалау жұмыстары жеделдетіліп, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуге басымдық берілді.

Жалпы, әкім өз қызметінде үздіктер қатарынан табылып келеді. Алайда, Facebook желісіндегі белсенділігі төмен, бұл өз кезегінде тұрғындармен кері байланыстың әлсіз екенін көрсетеді. Әлеуметтік желі арқылы халықпен қарым-қатынасты нығайту маңызды екені сөзсіз.

Әлеуметтік желілерді жүргізу туралы ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрмен қарай арттыру ұсынылады. Facebook желісіндегі белсенділікке ерекше мән беру ұсынылады. 

3. Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы – Абай ауданының әкімі.

Үздік үштікті 2001,6 ұпайға ие болған Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы түйіндеді.

Абай ауданының әкімі жұмыс кестесіне сәйкес Қарауыл ауылында орналасқан «Риза» ШЖҚ КММ аумағындағы қатты отын сататын нысанның жұмысын тексерді. 

Ақпан айында Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданына жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімі облыс басшысына алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды таныстырып, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы өтетін орынды көрсетті. Бұл мерейтой – елдік маңызы зор мәдени шаралардың бірі болғандықтан, оған дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Әкім аудан халқының өтініштеріне де ерекше назар аударып, бірнеше рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін талқылады.

Әлеуметтік салаларда да оң өзгерістер байқалуда. Медицина саласында қуантарлық жаңалықтар орын алып, аудандағы денсаулық сақтау қызметін жақсарту мақсатында Саржал және Орда ауылдық округтерінде жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар ашылды. Бұл бастама ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға бағытталған.

Жалпы, аудан әкімі өңірдің дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және тарихи-мәдени шараларға белсенді түрде атсалысуда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деп сенеміз.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Қошқарбаев Нұрбек Тұрсынқанұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Төртінші орынға 1983,2 ұпаймен жайғасқан аудан әкімі ақпан айында көптеген кездесулер өткізген. 

Ақпан айында Бесқарағай ауданының әкімі кәсіпкерлермен, серіктестіктермен және редакторлармен бірқатар кездесулер өткізді. Алайда, жалпы ай бойында әкімнің жұмыс кестесі негізінен кабинет ішінде өткенін атап өтуге болады.

Айдың ерекше жаңалығы – «ТВК-6» телеарнасының филиалының Бесқарағайда ашылуы болды. Бұл бастама әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жергілікті тұрғындардың пікірін екіге бөлді. Кейбір азаматтар заманауи ақпарат тарату арналарының өзгеруіне байланысты бұл жобаның тиімділігіне күмәнмен қараса, ал әкімнің өзі бұл бастама өңірдегі ақпараттық кеңістіктің дамуына оң әсерін тигізеді деп бағалады.

Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев қаңғыбас иттер мәселесіне ерекше назар аударуда. Оның бастамасымен Канонерка ауылында қаңғыбас иттерді ұстауға арналған панажайдың ашылуына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қажетті құжаттар рәсімделу үстінде. Бұл бастама жануарларға қамқорлық таныту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынуда.

Қыс мезгілінде қар күреу жұмыстарының баяу жүруіне байланысты, ауданға арнайы комиссия келіп, су тасқынының алдын алу шараларымен танысты. Комиссия бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру  ұсынылады.

5. Ескендіров Ерсін Кәдірбекұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Бесінші орында 1386,5 ұпаймен Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі ақпан айында әлеуметтік желілерде аудан жастарына, өнерпаздарына және түрлі сайыс жеңімпаздарына ерекше қолдау білдірді. Бұл бастама ауданның мәдениеті мен спорт саласын дамытуға деген әкімнің оң көзқарасын көрсетеді.

Айдың алғашқы күндерін әкім Семей қаласындағы «Северный» сауда-логистикалық орталығында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен бастады. Бұл жәрмеңке өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға қолжетімді бағада ұсынуға және жергілікті шаруаларды қолдауға бағытталған маңызды шара болды.

Аудан басшысы Қызылкесік, Үштөбе, Тана мырза, Қарғыба, Құмкөл, Ойшілік, Екпін, Көкжыра, Жәнтікей, Есім елді мекендеріне арнайы сапармен барып, жергілікті тұрғындардың жағдайымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Бұл сапарлар ауылдардың даму барысын тікелей бақылауға және тұрғындардың өзекті мәселелерін назарға алуға мүмкіндік берді.

Аудан халқын интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда тұр. Үштөбе, Қызылкесік және Кіндікті ауылдарына антенна-діңгек құрылысын салу үшін Үштөбеге – 177 млн теңге, Қызылкесікке – 127 млн теңге, Кіндіктіге – 178 млн теңге бөлініп отыр. Бұл жұмыстар биыл толық жүзеге асырылып, интернет қолжетімділігі мәселесі шешімін табады деп жоспарлануда.

Аудан әкімдігі инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу және жастарды қолдау бағытында белсенді жұмыс атқаруды жалғастыруда. Алдағы уақытта да Ақсуат өңірінің өркендеуі үшін маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Осы айда аудан әкімінің белсенділігі жоғары болғанын атап өткен жөн.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

6. Ибраев Айдар Маратұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Алтынша орынға жайғасқан Айдар Маратұлы 1216,7 ұпай жинады. 

Ақпан айы өңірде шаруашылыққа қажетті техника сатып алумен басталды. Бұл, сөзсіз, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты мәселелер талқыланғанымен, нақты шешімдер мен нәтижелер туралы ақпарат аз.

Өңірдегі хоккей спортының дамуы айтарлықтай назарға алынған, бұл жақсы бастама. Дегенмен, қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарының жүйелі жүргізілуі мен азық-түлік бағасына мониторинг жасау сияқты шаралар тек есеп үшін атқарылғандай әсер қалдырады. Су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар бәсең жүріп, бұл мәселе тиісті деңгейде шешілмегені байқалады.

Әкім тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауды ұмытпаған, бұл халықпен байланыс орнатудың маңызды қадамы. Алайда, ай бойы әкімдік қызметінің ақпараттық таралуы тек кездесулер туралы мәліметтермен шектеліп, нақты атқарылған жұмыстар мен шешілген мәселелер туралы толық есеп берілмеген.

Жалпы, аймақтағы жұмыстар негізінен есептік сипатта болғанымен, маңызды мәселелерді шешуге бағытталған нақты, қарқынды әрекеттер әлі де жеткіліксіз. Су тасқыны қаупі секілді күрделі мәселелерге дер кезінде назар аудармаса, көктемгі табиғи қауіп-қатерлер тұрғындар үшін үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан, әкімдік тек кездесулер өткізіп қана қоймай, нақты нәтижелерге бағытталған қадамдарға көшуі тиіс.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

7. Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы – Үржар ауданының әкімі.

Ақпан айында жинаған ұпайы 1196,6.

Ақпан айында өткізілген кездесулер мен сапарлардың басым көпшілігі қар тазалау және су тасқынының алдын алу мәселелеріне арналды. Бұл, әрине, маусымдық маңызды шаралардың бірі болғанымен, әкімдік қызметінің басқа салалардағы жұмыс барысы көлеңкеде қалып қойғандай әсер қалдырады.

Өңірде түрлі жиналыстар мен қоғамдық отырыстар өткізіліп жатқаны айтылғанымен, олардың нақты не туралы өткені, қандай мәселелер қарастырылғаны және қабылданған қаулылар туралы ақпараттың аздығы байқалады. Бұл тұрғындар үшін маңызды шешімдердің қаншалықты тиімді екенін бағалауға мүмкіндік бермейді.

Сондай-ақ, сандық мәліметтердің жетіспеуі, атқарылған жұмыстар мен кездесулердің тек жалпы сипатта берілуі әкімдіктің жұмысын бағалауды қиындатады. Қабылданған шешімдер, бөлінген қаражат, орындалу мерзімдері нақты көрсетілсе, халық үшін әлдеқайда түсінікті болар еді.

Қоғамдық ақпараттың сапасын арттыру үшін жарияланатын суреттер мен видеолардың форматына, визуалды көрсеткішіне мән беру маңызды. Кездесулердің тек ресми фотосуреттермен шектелуі әкімдік жұмысының шынайы көрінісін толық бермейді. Сондықтан, ақпараттық материалдарды тұрғындарға қолжетімді, мазмұнды және сапалы етуге назар аудару қажет.

Жалпы, әкімдік өз жұмысында айқындық пен тиімділікті арттырып, халықпен кері байланысты күшейтсе, атқарылған жұмыстардың маңызы арта түсер еді.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру және ақпаратты толық түсінікті жеткізу ұсынылады.

8. Шәкәрімов Данияр Қайырханұлы – Аягөз ауданының әкімі.

1098 ұпаймен сегізінші орынды иеленген Аягөз ауданының әкімі.

Ақпан айында Аягөз ауданында түрлі кездесулер мен талқылаулар көптеп өткізілгені байқалады. Әрине, бұл жиындар барысында маңызды шешімдер қабылданып, атқарылған жұмыстар талқыланды деп ойлаймыз, алайда, олар жайлы нақты ақпараттың әлеуметтік желілерде жарияланғаны дұрыс.

Аудан әкімдігі ұстаздық қызмет атқарған бір азаматқа «Аягөз ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады. Бұл – елге еңбегі сіңген тұлғаларды бағалау мен құрмет көрсетудің жақсы үлгісі.

Сонымен қатар, қар тазалау жұмыстары назардан тыс қалмаған. Қоғамдық көлік қызметіне қатысты мәселелер де көтеріліп, жақсарту бағытындағы талқылаулар жүргізілген. Дегенмен, бұл талқылаулардың нақты қандай шешімдермен аяқталғаны, қандай жұмыстардың қолға алынғаны туралы ашық ақпарат берілмеді.

Жалпы, ауданда жақсы бастамалар бар, дегенмен, олардың жүзеге асырылуы мен нақты нәтижелері туралы көбірек ақпарат беріледі деп сенеміз. Халыққа әкімдік жұмысының ашық әрі айқын көрінуі үшін, қабылданған қаулылар, жоспарланған шаралар мен олардың орындалу барысы туралы мәліметтерді жүйелі түрде жариялап отыру қажет.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

9. Қойгельдин Дәурен Бақытжанұлы – Мақаншы ауданының әкімі.

Мақаншы ауданының әкімі 1032,6 ұпаймен тоғызыншы орында. 

Мақаншы ауданында ақпан айы негізінен кеңседе өткізілген жиындар мен кездесулерге толы болды. Әлеуметтік желідегі жарияланымдарға қарағанда, әкімдік көбіне жұмыс кабинетінде талқылаулар жүргізумен шектелген. Әрине, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы – халықпен байланыс орнатудың маңызды бөлігі. Бірақ, нақты шешімдер мен іс жүзінде атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат аз.

Айдың жағымды жаңалықтарының бірі – «Северный» сауда-логистикалық орталығында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі. Бұл шара халықтың көңілінен шығып, жергілікті өнімдердің нарыққа шығуына мүмкіндік бергені қуантады.

Сонымен қатар, Мақаншы аудандық мәдениет үйінде әнші Қуандық Рахымның концерті өтті, бұл аудан тұрғындары үшін ерекше мәдени оқиға болды.

Әкімдік жұмыс сапарларының қорытындыларын әлеуметтік желіде жариялап отырғаны жақсы, бірақ бір бейнематериалды бірнеше мәрте қайталап салу – ақпараттық артықтық. Бұл аудиторияның қызығушылығын төмендетіп, ақпараттың тиімділігін азайтады.

Осыған қоса, Facebook әлеуметтік желісінде белсенділік жоқтың қасы. Қазіргі таңда ақпараттың басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы тез тарайтындықтан, әкімдік Facebook платформасын ашып, ауданның дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы халыққа кеңірек ақпарат ұсынғаны жөн.

Жалпы, әкімдік жұмысының тиімділігін арттыру үшін жиналыстар мен кездесулерден бөлек, нақты орындалған істердің нәтижесіне көбірек көңіл бөлгені дұрыс. Ақпараттың мазмұны мен берілу форматын жетілдірсе, халықпен байланыс әлдеқайда нәтижелі болмақ.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

АУТСАЙДЕРЛЕР

10. Борсукбаев Нұрлан Мұхаметрақымұлы Жарма ауданының  әкімі.

Жарма ауданының әкімі ақпан айында кезекті қабылдаулар мен кеңестер өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талқылады. 

Ауданның маңызды оқиғаларының бірі – көпбалалы анаға «Күміс алқа» наградасын табыстау. Бұл ана мен баланы қолдау саясатының жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, Жарма ауданының орталық ауруханасында компьютерлік томография құрылғысының іске қосылуы – медицина саласындағы үлкен жетістік. Бұл аудан тұрғындары үшін сапалы диагностика мен медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға көмектеседі.

Алайда, кейбір жарияланымдарда ақпарат тым қысқа берілген. Шаралардың кімдердің қатысуымен өткені, қалай ұйымдастырылғаны, оның халыққа қандай пайдасы бары туралы толыққанды ақпарат жетіспейді. Бұл тұрғындардың аудан басшылығының жұмысы туралы кеңірек білуіне мүмкіндік берер еді.

Әкімдікке әлеуметтік желілердегі ақпаратты толығырақ және жүйелі түрде жариялау, сондай-ақ ауданның дамуындағы оң өзгерістерді нақты мәліметтермен көрсету қажет. Халықтың сенімін арттыру үшін әр шараның мән-мағынасын ашып, оның қалай жүзеге асқанын толық жеткізу маңызды.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

11. Тастенбеков Алмас Таныбекұлы – Жаңасемей ауданының әкімі.

Жаңасемей ауданының әкімінің жинаған ұпай саны - 643,6. 

Жаңасемей ауданының әкімі ақпан айын қайырымдылық шараларымен бастап, халықтың ризашылығына бөленді. Бұл – әкімдік тарапынан қоғамға жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші.

Сонымен қатар, жылу нысандарының жұмысы тексеріліп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді. Ауданда тазалық жұмыстарына да көңіл бөлінген.

Айдың ең маңызды оқиғаларының бірі – алты отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі. Бұл аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған нақты шаралардың бірі.

Алайда, әлеуметтік желіде ақпан айында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат аз. Тұрғындар әкімдіктің қызметі туралы көбірек білгісі келеді. Әсіресе, өткізілген шаралардың нәтижесі, шешілген мәселелер, нақты сандар мен болашақ жоспарлар туралы толыққанды мәлімет берілуі тиіс.

Әкімдік ақпараттық ашықтықты арттырып, парақшадағы мазмұнды толықтырып отырса, аудан тұрғындары әкімдік жұмысының тиімділігін жақсырақ бағалай алар еді. Сондай-ақ, әкімдік парақшасын жүргізетін SMM маман грамматика жағынан өзін шыңдаса деген ұсыныс білдіреміз.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

12. Әбдіралиев Болат Таңсықбайұлы – Курчатов қаласының әкімі.

Рейтингті қорытындылайтын - Курчатов қаласының әкімі. 

Курчатов қаласының әкімдігі әлеуметтік желідегі ақпарат тарату форматына жеткілікті көңіл бөлмей отырғаны байқалады. Бір ақпаратты екі тілде, бірдей форматта жариялау – өте тиімсіз. Әкімдік бір сурет пен бейнені қазақ тілінде бір рет, дәл сол сурет пен бейнені орыс тілінде тағы бір рет жүктеп, ақпарат санын көбейтуге тырысқандай әсер қалдырады. Мұндай тәсіл мазмұнды сапалы жеткізуге емес, тек жарияланым санын арттыруға бағытталғанын көрсетеді.

Ең үлкен мәселе – әкімнің кабинеттен шықпайтындығы. Қала басшысы үшін қаладағы тіршілікті өз көзімен көріп, халықпен бетпе-бет жүздесіп, олардың сұраныстары мен мәселелерін түсіну маңызды. Алайда, әкімнің жұмысы көбінесе кеңсе ішінде, қағаз жүзіндегі есептермен шектелетіндей көрінеді.

Қаланың дамуы үшін әкімнің қала ішіне шығып, тұрғындармен көбірек байланыс орнатуы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, экономикалық мәселелермен жеке танысуы қажет. Әкімнің қоғаммен тікелей қарым-қатынас орнату белсенділігі төмен, бұл өз кезегінде халықтың жергілікті билікке деген сеніміне әсер етуі мүмкін.

Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша ұсыныс: желідегі белсенділікті арттырып, желіні жүргізу стилі мен форматын қолға алу ұсынылады.

Ақпан айының көрсеткіштері осындай. Үздіктерді құттықтаймыз. Ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстар лайым көп болғай!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив