Қазақстан БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі саяси форумының министрлік сегментіне қатысады

Нью-Йоркте (АҚШ) БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС) қолдауымен Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумның министрлік сегментінің жұмысы басталды.
Форумды ЭКОСОС Президенті Боб Рей мырза ашты. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш пен БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының төрағасы Филемон Янг құттықтау сөз сөйледі. А. Гутерриш өз сөзінде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын, жаһандық қаржы институттарын реформалау қажеттігін атап өтіп, сондай-ақ орнықты және инклюзивті дамуды қамтамасыз ету үшін қаржыландыру мен ғылыми әлеуетті белсенді түрде жұмылдыруға шақырды.
Форумға 140 елдің өкілі, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың лауазымды тұлғалары мен делегаттары қатысты. Форум бағдарламасында Ерікті ұлттық шолулардың тұсаукесерлері көзделген. Бұлардың шеңберінде елдер орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асырудағы нәтижелерін таныстырады.
Сондай-ақ, делегаттар басқа мемлекет және халықаралық ұйым өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді.
Жалпы пікірсайыста Қазақстан атынан Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев сөз сөйледі. Ол ОДМ елдің ұлттық саясатының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Орнықты даму қағидаттары 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын қоса алғанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің стратегиялық құжаттарына интеграцияланған. Сондай-ақ, ОДМ-ны өңірлік деңгейде оқшаулау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.