Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Жұмысшы мамандықтар жылы: колледждермен дуальды форматта әріптестік орнатқан кәсіпорындар саны екі есеге артты

Кеше, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Щучинск қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған Республикалық слет басталды. Мұнда еліміздің барлық өңірлерінен келген 100-ден астам белсенді және болашағынан зор үміт күттіретін жас мамандар өз дағдыларын шыңдап, келешекке шабыт алу үшін жиналды. Іс-шараның ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев слет қатысушыларына сәттілік тілей отырып, жұмысшы мамандықтарының ел дамуына қосар үлесінің ерекше екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл — тек бір салаға маман дайындау емес, ел экономикасының тірегі саналатын мамандықтардың маңызын қайта бағалау. Бірнеше жылдар бойы жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас біржақты стереотиптер арқылы қалыптасты. Алайда, бүгінгі күні жағдай өзгерді. Жұмысшы — бұл заманауи технологияны меңгерген, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман. Біз мемлекет ретінде еңбекке лайықты құрмет көрсету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Себебі жұмысшы мамандарсыз индустриялық даму, өндірісті жаңғырту мен экономикалық тұрақтылық мүмкін емес. Бұл өзгерістің нақ ортасында сіздер — жас мамандар тұрсыздар», – деді Ермек Көшербаев.

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші педагог даярланды, жаңа оқу жылында 700-ден астам бейінді сынып ашылады, қазіргі таңда 352 сынып іске қосылды. 1300 мектеп оқушысы жұмысшы мамандықтарының базалық дағдыларын меңгеріп үлгерді. Шефтік ететін кәсіпорындар саны 7 есе өсті, бүгінде 18 мың кәсіпорын студенттерді дуальды оқыту жүйесімен даярлауда. 185 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылатын болады, студенттердің жатақханамен қамтылуы 96%-ға жетеді.

«Бүгінде еңбек нарығында тек диплом ғана емес, нақты дағды маңызды. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде. Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және басқа да елдермен бірге 10 халықаралық жоба іске қосылуда. Колледждерді халықаралық сертификаттау алғаш рет қолға алынды. Енді біздің студенттер өз құзыреттерін жаһандық стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік тағылымдамаларға, жұмысқа және жаһандық еңбек нарығына шығу мүмкіндігіне ие болады», — деді Ғани Бейсембаев.

Слетке қатысушылардың арасында — Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аяла Байболат бар. Ол мемлекеттік грантпен оқиды, ал оның колледжі интернационалдандыру жобасына алғашқылардың бірі болып енген.

«Президент жұмысшы мамандықтар жылын жариялағанда, біздің еңбегіміздің шынымен де маңызды екенін сезіндік. Қазіргі колледждер — бұл болашағы бар таңдау. Бізде заманауи шеберханалар ашылып жатыр, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастырылуда, ең бастысы — нақты мүмкіндіктер бар. Бұл сенім мен қолдау үшін алғыс айтамын», — деді колледж студенті.

Слет 24 шілдеге дейін жалғасады. Үш күн бойы қатысушыларды мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары, интерактивті білім блоктары, командалық тапсырмалар мен мазмұнды мәдени және спорттық бағдарлама күтіп тұр. Айта кетейік, елімізде 772 колледж бар, онда 550 мыңнан астам студент білім алады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив