Облыс әкімі «Нұркелді» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты
«Нұркелді» шаруа қожалығы – Жарма ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі.
Жергілікті кәсіпкер Мұхтар Тойқылды басқаратын шаруашылықта биыл 2 мың гектардан астам алқапқа дәнді, майлы дақылдар мен жоңышқа егілген. 800 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Бұл әдіс суды үнемдеуге айтарлықтай мүмкіндік береді.
Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 10 жылдық ауқымды инвестициялық жобаны қолға алып отыр. Жетекші елдердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Өндірілген өнімнің бір бөлігі күзде Қытай нарығына жөнелтіледі.
Сондай-ақ шаруашылық жоңышқа өңдеп, түйіршіктелген құрама жем өндіретін шағын зауытты іске қосқан. Өнімнің бір бөлігі Қытайға экспортталады. Кәсіпкер аудан тұрғындарына қажетті көкөніс, жүгері, күнбағыс, қауын-қарбыз және картоп өсірумен айналысып келеді.
Қазіргі таңда шаруашылықта 35 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 50-ден 100 адамға дейін артады. Шаруашылық басшысы алдағы уақытта қытайлық инвесторлармен бірлесіп май зауытын салуды да жоспарлап отыр.
Егіс алқаптарын көрсету барысында шаруашылық иесі аймақ басшысына қосымша жер телімін беру жөнінде өтініш айтты. Оның бүгінде игеріп отырған жер көлемі шамамен 2000 гектар. Болашақта 5000 гектарға дейін ұлғайтпақ.
Облыс әкімі шаруашылыққа әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтты.