Тамшылатып суару – суармалы егістіктің болашағы
Жақында аудандағы Сәтбаев ауылдық округінде қарасты «Алтын-Алтай» шаруа қожалығының күнбағыс алқабында ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен шаруалар бас қосып, заманауи су үнемдеу технологиялары жайлы өзара тәжірибе алмасты. «Суармалы егістікте су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы тамшылатып суару жүйесін енгізу» атты семинар-жиын көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен серпін берді.
Семинарға аудан әкімінің орынбасары М. Қайырбеков, аудандық аумақтық инспекция басшысы Қ. Жорғатаев, аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы С. Ахметов, Ақсуат ӨПУ басшысы К. Шыныбаев, ауыл әкімдері, диқандар мен шаруа қожалық иелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Суармалы егістікте заманауи тамшылатып суару жүйесін қолданудың тиімділігін тәжірибе жүзінде көрсетуді мақсат еткен бұл іс-шарада қатысушылар 300 гектарға күнбағыс дақылын тамшылатып суару әдісімен өсіріп отырған «Алтын-Алтай» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Егістік алқабын аралап көріп, қолданылып жатқан технологиялардың артықшылықтары мен ерекшеліктеріне көз жеткізді.
«Алтын-Алтай» қожалығы 2024 жылы 200 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін енгізіп, сапалы өнім алса, биыл бұл көрсеткіш 300 гектарға дейін ұлғайған. Бұл – ауданымыз үшін үлкен жетістік. Аудан әкімінің орынбасары М. Қайырбеков бұл бастаманы жоғары бағалап, заманауи әдістерді кеңінен енгізу арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге болатынын атап өтті. Сонымен қатар, мамандар тарапынан су ресурсын тиімді пайдалану мен өнім сапасын арттырудың жолдары түсіндіріліп, ауыл шаруашылығында судың әр тамшысын үнемдеу- стратегиялық маңызды қадам екендігі айтылды. Ал, «Алтын-Алтай» қожалығына арнайы келген қытайлық маман Қуан Әшім тамшылатып суару жүйесін қолданудың барлық кезеңдері жөнінде ақпарат беріп, тұқымды себуден бастап, өсімдік өскенге дейінгі агротехникалық шараларды нақтылап түсіндіріп, Қытайдан қажетті құрылғыларды жеткізу жолдарын да ұсынды.
Семинар соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу қажеттігі жөнінде пікір алмасты. Бұл технологияның нәтижесін өз көзімен көрген диқандар оның болашағына сенім білдірді. Алдағы уақытта Сәтбаев ауылдық округіндегі «Күмісті», Ойшілік ауылдық округіндегі «Жанна», Ақсуат ауылдық округіндегі «Әуелбек» шаруа қожалықтары және Кіндікті ауылдық округіндегі бір шаруа қожалық тамшылатып суару жүйесін енгізуді жоспарлап отырғандықтарын жеткізді.