Президент тапсырмасы аясында: Туризм және спорт министрлігі туристік ағынды есепке алудың жаңа тетігін әзірлеуде

Мемлекет басшысының туристік статистиканың нақтылығын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы басшылығымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында Бюро 2024 жылға арналған ішкі туризмді мобильді құрылғы қызметі арқылы бағалау жөніндегі пилоттық жобаның нәтижелерін таныстырды. Қазақстанда алғаш рет ресми есепке алу аясында байланыс операторларының деректері ішкі туристік ағынды талдау үшін пайдаланылды.
Ербол Мырзабосынов цифрлық дереккөздерге көшу қазіргі есеп жүйесіндегі олқылықтарды жойып, елдегі шынайы туристік белсенділіктің көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды тиімді жоспарлауға, инвестиция тартуға және туристік қызметтердің сапасын арттыруға негіз болмақ.
«Байланыс операторларынан алынған деректерді пайдалана отырып статистика жүргізу – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асырудағы маңызды қадам. Бұл тәсіл саланың даму стратегиясын жүйелі жоспарлауға жол ашады. Атап айтқанда, санитарлық-гигиеналық тораптарға деген сұранысты есептеуге, курортты өңірлердегі жүктемені анықтауға, инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жоспарлауға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын бағалауға мүмкіндік береді», – деді министр.
Ұялы байланыс операторларының деректерін пайдалану қысқа мерзімді сапарлар мен түнемейтін саяхаттарды есепке алып, туристік ағынды неғұрлым шынайы бағалауға мүмкіндік береді.
«Ұялы деректердің арқасында туризм статистикасы жаңа деңгейге көтерілуде. Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде ұялы байланыс операторларының деректерін ресми статистикада қолдануды алғаш болып енгізген мемлекет болмақ. Бұл жаңашыл тәсіл халықтың, оның ішінде ішкі туристердің қозғалысы туралы неғұрлым нақты, жедел әрі шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Мұндай тәсілдің тиімділігі халықаралық тәжірибе арқылы дәлелденген. Осыған ұқсас тәжірибе қазіргі таңда Сауд Арабиясы, Индонезия, Оман және Эстония елдерінде сәтті іске асырылған.