Қазақстанда ITMLab инклюзивті жобасының екінші маусымы басталды

Қазақстанда мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық шешімдерді әзірлеуге бағытталған ITMLab 2.0 жобасы басталды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен ITeachMe қоғамдық қоры ұйымдастырған хакатонның жаңа маусымы география мен қатысу форматын кеңейте отырып, ұлттық мәртебеге ие болды.
Хакатонның ресми бастауын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев жасап, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.
«ITMLab – бұл жай ғана технологиялық жарыс емес. Бұл кедергілерді жоя алатын, мүмкіндіктерді кеңейтетін және қоғамды шынайы инклюзивті ете алатын идеялар туатын алаң. Мұнда жастар, сарапшылар және мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі оң өзгерістер үшін бірлесіп жұмыс істейді», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Екінші маусымда жоба ұлттық деңгейге жетеді және айтарлықтай кеңейеді: онлайн хакатон іске қосылады, цифрлық шешімдерді әзірлеу процесіне жасанды интеллект енгізіледі, қатысушыларға бизнес секторы өкілдерінен тәлімгерлік қолдау көрсетіледі. Бұл инновациялар Қазақстанның барлық аймақтарынан қатысушыларды тартуға және әзірленіп жатқан бастамалардың технологиялық жетілу деңгейін арттыруға жағдай жасайды.
Хакатонға кез келген адам қатыса алады. Өтініштерді студенттер, IT мамандары, реабилитологтар, ҒӨБ өкілдері және мүгедектігі бар адамдардың өздері береді. Одан кейін қатысушылар командаларға бірігіп, цифрлық қолжетімділік пен білім беру өнімдерін бейімдеуден бастап ұтқырлық пен жұмысқа орналасу жағдайларын жақсартуға дейін нақты тапсырмалармен жұмыс істейді.
Үздік идеялар прототиптік кезеңге дейін әзірленіп, әлеуетті инвесторлар мен мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инклюзивті цифрлық ортаны дамытуға бағытталған мұндай бастамаларды қолдауды жалғастырады.
Еске салайық, ITMLab жобасының бірінші маусымының финалы 2024 жылы Астанада өткен болатын. Астана және Алматы қалаларында өткен хакатондарда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стартаптар іріктелді. Финалистер тәлімгерлікпен өз шешімдерін пысықтады, ал 6 үздік деп танылған жоба тәжірибелік үлгілерді жасау мақсатында грантқа ие болды.