Абай гарнизонында артиллерия бөлімшелеріне кешенді тексеру жүргізілді
Абай гарнизонында артиллерия бөлімшелері кешенді тексеру барысында өздерінің жауынгерлік дайындықтарын көрсетті. Атап айтқанда бұған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 28738 әскери бөлімі қатысты.
Тексеру Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары – Зымыран әскерлері және артиллерия Бас басқармасының бастығы полковник Тілек Серікпаевтың бақылауымен өтті.
Ракета әскерлері мен артиллерия бөлімшелерінің жоспардан тыс кешенді тексеруі – бұл әскери дайындықты, бөлімшелердің техникалық жағдайын және командирлердің басқару қабілеттерін бағалау мақсатында өткізілетін маңызды шара. Мұндай тексерулер әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, тактикалық және техникалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Шара барысында бөлімшелердің дайындық деңгейі, қару-жарақ пен әскери техниканың жұмыс істеуі, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби біліктілігі тексерілді. Сонымен қатар, жоспардан тыс тексеру әскери бөлімнің шұғыл әрекет ету қабілетін арттыруға, командирлер мен жеке құрамның психологиялық жағдайын нығайтуға да ықпал етті.
Аталған кешенді тексерулердің нәтижелері бойынша жеке құрам жүктелген міндеттерге сәйкес жауынгерлік тапсырмаларды орындауға даярлығын толықтай көрсете білді. Сондай-ақ әскери бөлімшелердің күшті және әлсіз жақтары анықталып, болашақта дайындықты жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі