Абай облысында өткен «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойынына 180 команда қатысты
Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар аясында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті.
Шараның мақсаты – жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, Абай мұрасын заманауи форматта насихаттау және қазақ тіліндегі зияткерлік ойындарды кеңінен дамыту.
Зияткерлік сайыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Облыстық Жастар мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен, Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараға еліміздің 10 өңірінен 1 080 адам қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынады. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейде ұлттық рекорд ретінде Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылады.
Зияткерлік сайыс 7 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әр түрлі салаларға байланысты тақырыптар қамтылды. Ойын барысында қатысушылар ой ұшқырлығы мен білім деңгейін сарапқа салды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңгені құрады. Жүлделі 1 орынды «Brainstorm» (Астана), 2 орынды «Алматы Микс» (Алматы), 3 орынды «Тұрақсыз тіркестер» (Семей) командасы иеленді.
Жеңімпаз командаға 1 миллион теңге берілді. Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткен командаларға түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды.