Семейде қызметтік ит 14 секундта жасырылған есірткіні тапты
Күтпеген оқиға әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштеріне қарасты 31767 әскери бөлімінің саптық алаңында орын алды. Абай өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының қызметкерлері жеке құрам алдында қызметтік итті сынақтан өткізеді. Басқарманың кинолог мамандары қаз қатар тізілген әскери қызметшілердің біріне есірткі алмастырғыш затты жасырды. Бұдан кейін секундомерді іске қосып, иісшіл итті қарғыбауынан босатты. Есірткі іздеуге әбден машықтанған Сұңқар есімді белгиялық овчарка шапшаң қимылдап, қалтасына күдікті зат жасырынған әскериді дереу тапты. Саптық алаңды тінтуге небәрі 14 секундтын сарп еткен қызметтік иттің әрекеті жеке құрамның таңданысын туғызды.
«Сұңқар» арнайы үйретілген, кәсіби тәжірибеден өткен қызметтік ит. Ол халықаралық Армия ойындарындағы «Адал дос» атты кинологтар арасындағы сайыста екі мәрте жүлделі орынға ие болған. Алдағы уақытта Белорусь елінде өтетін кинологтар сайысына дайындалуда. Шара барысында ол иесімен бірге жау көзіне көрінбей шабуылдау әдістерін көрсетіп, сонымен қатар есірткі алмастырғыш затты казарма мен көлік ішінен жедел түрде табу шарасына белсене қатысты.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі