ТМД елдерінің әскери-спорттық ойындары: Қорғаныс министрі ұлттық құрама капитанына Мемлекеттік туды табыстады

Қорғаныс министрлігінде ұлттық құрама капитаны мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Санжар Нұрсейітовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын табыстауға арналған салтанатты рәсім өтті. Мәскеуде өтетін алдағы спорттық іс-шарада Қазақстан Қарулы күштері атынан 40 спортшы өнер көрсетпек.
ТМД-ға мүше мемлекеттер Қарулы күштері арасындағы IV әскери-спорттық ойындар 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр. Ол 4-10 тамыз аралығында Ресей Федерациясының астанасында өтеді. Бұл ойындарға түрлі елдерден 300-ден астам спортшы қатысады.
Ойын бағдарламасына армиялық қоян-қолтық ұрыс, самбо, штаттық қарудан ату, офицерлік үшсайыс және кір тасын көтеру спортынан жарыстар кіреді. Бұл спорт түрлерінің әрқайсысы тек физикалық дайындықты ғана емес, сонымен бірге ерік-жігер мен тәртіп секілді Отан қорғаушыға тән қасиеттерді талап етеді.
Мемлекеттік туды табыстау рәсіміне Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, сондай-ақ Қарулы күштердің әскери қызметшілері бейнебайланыс арқылы қатысты.
— Әскери-спорттық ойындар – бұл күш-жігерді, төзімділік пен шеберлікті ғана емес, сондай-ақ жауынгерлік рухты, тәртіпті және Отанды қорғауға дайындықты көрсетудің айқын жолы, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы қазақстандық әскери қызметшілердің дайындығының жоғары деңгейін және Армия орталық спорт клубы спортшыларының жетістіктерін ерекше тоқталды. 2024 жылы олар халықаралық аренада 463 медаль жеңіп алып, 10 спорт түрінен 21 олимпиадалық лицензия иеленді. Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына түскен жеті медальдің төртеуін әскери спортшылар салды.
Қорғаныс министрі Мемлекеттік туды табыстай отырып, ұлттық құраманың спортшыларына әділ сайыс, өз күшіне сенімділік, командалық рух пен жеңіс тіледі. Ол ұлттық құраманың тек Қарулы күштердің ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғайтынын ерекше атап өтті.
Туды табыстау – халықаралық жарыстарға аттанып бара жатқан армиялық спортшыларға деген сенім мен мақтаныштың символы.