Қаржы министрлігі бизнеске жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіреді
2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі Қазақстанның салық жүйесінің ашықтығын арттыруда стратегиялық маңызға ие. Құжат салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуге, салық салуда әділеттілікті күшейтуге және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі еліміздің барлық өңірінде жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін қолжетімді әрі түсінікті түрде түсіндіруді мақсат еткен ақпараттық науқанды бастады.
Ақпараттық науқан әкімдіктер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Алғашқы түсіндіру кездесулері Абай облысынан басталды. Бұл өңір дамудың оң динамикасын көрсетуде: мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдер жоспары 106%-ға орындалған (244,8 млрд. теңге жоспарда 259,7 млрд. теңге түсті). Абай облысының экономикасы ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және энергетика салаларына негізделген.
Семей қаласында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері егжей-тегжейлі таныстырылды. Іс-шара барысында жаңартылған салық ережелерін күнделікті қызметте қалай қолдануға болатыны жөнінде практикалық түсініктемелер берілді. Қосылған құн салығын, корпоративтік және жеке табыс салығын есептеу мен төлеуге қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қатысушылар шағын және орта бизнес үшін салық салудың ерекшеліктерін, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдету және бюрократиялық кедергілерді азайту шараларын қоса алғанда салық салу саласындағы ең маңызды жаңашылдықтар туралы толық ақпарат алды.
Кездесу соңында өзекті сұрақтарға толық жауап берілді, бұл өзара түсіністікке негізделген мазмұнды диалог пен тиімді пікір алмасуға ықпал етті.