Қазақстанда Shanghai SpaceSail спутниктік интернеті сынақтан өтті

Алматы облысында Қытайлық Shanghai SpaceSail компаниясы спутниктік интернет жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе елімізге арнайы келген мамандардың қатысуымен іске қосылды. Тестілеу кезінде интернет жылдамдығы 200 Мбит/с-қа жетіп, жоғары сапаны көрсетті.
Бұл жүйе төмен орбиталық спутниктерге негізделген. Мұндай технология шалғай елді мекендерге жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – талшықты-оптикалық желі тарту қиын немесе қымбат өңірлер үшін тиімді шешім.
Жоба ауылдық мектептерді, медициналық мекемелерді, мобильді қызметтер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Ынтымақтастықты дамыту мақсатында қазақстандық делегация Шанхайдағы Shanghai SpaceSail кеңсесіне барып, компанияның технологияларымен және өндіріс барысымен танысты. Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалар мен ұзақ мерзімді серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Компания 2026 жылы Қазақстанда ресми жұмысын бастауды жоспарлап отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі ел аумағында цифрлық қызметтерді дамытуға бағытталған кез келген технологиялық бастамаларды қолдайды және егер мұндай ынтымақтастық азаматтардың сұранысына жауап беріп, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік берсе, бірлесіп жұмыс істеуге дайын.