Астанада Қазақстанда болат құбырлар шығаратын зауыттың құрылысы талқыланды

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «Tianjin Youfa Group» компаниясы бас директорының орынбасары Ли Сяндунмен және «Hong Kong Friend International Cooperation» компаниясы бас директорының орынбасары Сан Вэнксумен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда болат құбырлар өндірісін жергіліктендіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жоба Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тік тігісті болат құбырлар шығаратын зауыт салуды көздейді. Инвестиция көлемі 70 млн АҚШ долларынан асады, 283 жұмыс орны құрылмақ. Жобаның жоспарланған өндірістік қуаты – жылына 200 мың тонна. Зауыт мұнай-газ секторы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылымдық жобалар үшін сұранысқа ие құбырларды шығарады. Өндіріс импортты алмастыруға бағытталады: 2024 жылы Қазақстан 487 млн АҚШ долларына 428 мың тонна құбыр импорттаған.
Кездесу барысында Ғ. Оспанқұлов инвесторларға Қазақстандағы мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде инвестициялық преференциялар, салықтық және кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардағы жобаларды орналастыру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.
«Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мен негізгі өндірістерді жергіліктендіру аса маңызды. Құбыр зауытының құрылысы экономикамызды әртараптандыру, ішкі нарықты сапалы өніммен қамту және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарындағы басымдықтарымызға толық сай келеді. Біз жобаның барлық кезеңінде – әкімшілік сүйемелдеуден бастап мемлекеттік қолдау құралдарына қосылуға дейін – жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Инвестициялар комитетінің төрағасы.
Өз кезегінде, Ли Сяндун компания Қазақстанды өңірдегі негізгі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті: «Біз Қазақстанның инвестициялық әлеуетін, тұрақты іскерлік ортасын және шетелдік инвесторларға көрсетілетін жүйелі қолдауды жоғары бағалаймыз. Құбыр зауыты жобасы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі болатынына сенімдіміз».
Шымкенттегі зауыт құрылысының жобасы стратегиялық маңызды салада жергілікті өндірісті дамыту мен өнеркәсіптік кооперацияны нығайтудың маңызды элементі ретінде қарастырылады. Тараптар бастаманы іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.
«Hong Kong Friend International Cooperation Co., Limited» – Қытайдағы құбыр өндіруші ең ірі компаниялардың бірі «Youfa Group»-тың еншілес кәсіпорны. Компания дамыған өндірістік және логистикалық инфрақұрылымға ие, өнімін 100-ден астам елге экспорттайды және Азиядағы болат құбырлар нарығында жетекші орын алады.