Еңбек министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері бойынша Сараптамалық кеңестің отырысы өтті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлихан Бәйменовтің төрағалығымен ұлттық зейнетақы жүйесін реформалаудың негізгі тәсілдерін талқылауға арналған Сараптамалық кеңестің отырысы өтті.
Зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Жаңғырту қажеттілігі жаһандық демографиялық сын-қатерлермен де, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап ететін жаңа экономикалық жағдайлармен де туындап отыр. Бұл жұмыс ҚР Әлеуметтік кодексінің негізгі ережелерін жүзеге асыру аясында қолға алынған. Министрлік болашақ өзгерістерге негіз болатын теңдестірілген және жан-жақты әзірленген тәсілдерді әзірлеу үшін кең сараптамалық талқылауға бастамашы болды.
Отырысты ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жиынның басты мақсаты тәуелсіз талқылау алаңын қамтамасыз ету және зейнетақы жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарын тыңдау екенін ерекше атап өтті.
Отырыста актуарлық есептеулер мен халықаралық тәжірибені талдау негізінде сараптамалық топ дайындаған ұсыныстар қаралды. Талқылау барысында қатысушылар кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде ынтымақты және жинақтаушы компоненттердің рөлі мен теңгерімін, базалық зейнетақыны есептеу тетіктерін, зейнетақы жарналарының қолданыстағы мөлшерлемелерінің сәйкестігін, БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын алудың болашақ төлемдерге әсерін, сондай-ақ активтерді басқару тиімділігін арттыруды және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жинақтаушы жүйеге қатысуын ынталандыруды жайын сөз етті.
Негізгі тәсілдермен таныстыру барысында сараптамалық топ мүшелері зейнетақы жүйесін жаңа экономикалық және демографиялық сын-қатерлерге дер кезінде бейімдеу қажеттігін атап өтті.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесі көпдеңгейлі, бұл оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Дегенмен, ұзақ мерзімді перспективада оның сәйкестігін сақтау үшін модернизациялау қажет. Негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік құрамды нығайту. Біз базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейімен емес, ең төменгі жалақымен байланыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, бұл зейнеткерлердің кірісін тиімдірек қолдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Bank RBK» Директорлар кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев.
«Қаржыландырылатын құрамдас бөліктің тиімділігін арттыру үшін қызметкерлердің жарналары мен болашақ жұмыс берушінің жарналарын шоғырландыру мәселесін де қарастыру маңызды. Зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігін арттыруға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қатысуын ынталандыруға, оның ішінде жарналарды қоса қаржыландыру тетіктерін дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл тәсілдердің барлығы актуарлық есептеулермен және халықаралық тәжірибемен расталады. Біздің ортақ міндетіміз – қазіргі және болашақ зейнеткерлердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін теңгерімді ұсыныстар әзірлеу», – деді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов.
Кездесу соңында Светлана Жақыпова мазмұнды пікірталас үшін қатысушыларға алғысын білдіріп, ел азаматтарын болашақта зейнетақымен қамтамасыз ету оның нәтижесіне байланысты болғандықтан, теңгерімді шешімдер әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері бойынша Сараптамалық кеңестің отырыстары тұрақты негізде өткізілетін болады, онда зейнетақы жүйесін реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жалғасады.