Абай облысында «Салауатты сана» жобасы 2 мыңнан астам адамды қамтыды

Өңірде бүгінде 78 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық Аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана» жобасы аясында 2 032 адамды қамтыған 58 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы Аналар кеңесінің мүшесі Айжан Қуанышбаева баяндады.
Аталған жоба қоғамдағы бес әлеуметтік дертке – нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы кешенді күрес жүргізуге бағытталған. Жоба шеңберінде Аналар кеңестері мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндіру, сараптамалық және профилактикалық жұмыстар атқаруда.
Зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде этникалық шығу тегі мен діни көзқарасына қарамастан, бүкіл қазақстандық қоғамға ортақ өзекті мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресте маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз қоғам құру үшін бұл зиянды құбылыстардан түбегейлі арылуымыз қажет» – деп атап өткен болатын.