156 тонна күнбағыс майы Қазақстаннан Қытайға флекстанк арқылы жөнелтілді

156 тонна көлеміндегі алғашқы күнбағыс майы партиясы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Нантонг қаласына 40 футтық контейнерлердегі флекстанк арқылы жөнелтілді. Тасымалдау «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылды.
Жүк жөнелтуші – МДҚӨҰҚ құрамына кіретін Altyn Shyghys май зауыты. Маршрут Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі сауда бағыттарының бірі саналатын Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы өтеді.
Контейнерлер Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктерінің техникалық талаптарына сәйкес флекстанкпен жабдықталды. Флекстанк – сұйықтықтарды тасымалдауға арналған икемді резервуар, ол логистиканы оңтайландырып, шығындарды азайтуға және жүктің өңделу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Жөнелту 2025 жылғы маусымда ҚХР-ның Чжэнчжоу қаласында өткен сараптамалық отырыстың қорытындысы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «КЖД» компаниялар тобының келісімі аясында жүзеге асқан пилоттық жобаның бөлігі болды. Бұл бастама ITC, QazTrade, салалық министрліктер және өзге серіктестермен бірлесе әзірленген 2026–2028 жылдарға арналған май-тоң май өнімдері экспортының даму жол картасына енгізілген.
Жобаның басты мақсаты – 2028 жылға қарай 1 млрд АҚШ долларынан астам валюталық түсімді қамтамасыз ету. Контейнерлік тасымалдарды дамыту Қытайға, Таяу Шығыс елдеріне (БАӘ, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы), сондай-ақ Оңтүстік Кавказға (Әзербайжан, Армения) экспортты кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
«Заманауи логистикалық шешімдер бізге жеткізілім географиясын кеңейтіп, отандық май-тоң май өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады», — деді МДҚӨҰҚ басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов.