Абай облысында жылыту маусымына орай өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Өңірде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстың бірінші кезеңі басталды. Ерекше назар әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың үйлеріне аударылуда. Себебі жыл сайын өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде тіркеледі.
Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Алексей Штыкельдің мәліметінше, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, тексеру жүргізіліп жатыр. Мұндай алдын алу шаралары өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды анықтауға және түсіндіру жұмыстарына мүмкіндік береді.
Өрттен бөлек, жалын шықпай-ақ көмірқышқыл газынан улану деректері де тіркелген. Өткен маусымда 11 адам қаза тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Дегенмен әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы отбасылардың үйлеріне орнатылған көмірқышқыл газының датчиктері тиімділігін дәлелдеді. Семей мен Жарма ауданында дер кезінде іске қосылған құрылғылардың арқасында төрт адамның, соның ішінде бір баланың өмірі сақталып қалды.
Өңірде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына датчик орнату бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылы мұндай отбасылардың саны 30 пайызға артып, 6 733-ке жетті. Бүгінгі күні олардың барлығы толықтай датчиктермен қамтамасыз етілген.