Көкпекті ауданында қонақ үй мен балабақша құрылысы жүргізілуде
Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақ үй кешенінің құрылысымен танысты.
Жоба инвестордың 310,9 млн теңге көлеміндегі жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс биылғы шілде айында басталған, келесі жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.
Жалпы аумағы 1413 шаршы метрді құрайтын нысан пайдалануға берілгеннен кейін өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Қонақ үйде 10 стандартты бөлме, 54 орындық мейрамхана, балалар ойын орталығы, жаттығу залы жұмыс істейтін болады. Жоба іске асырылғаннан кейін мұнда 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Көкпекті ауылында салынып жатқан балабақша құрылысын да көрді.
Жаңа балабақша 100 балаға арналған, жалпы аумағы – 1220 шаршы метр. Мұнда 4 топ ашылып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалады. Нысан іске қосылған соң 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұл әлеуметтік нысан жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асуда. Құрылысы биыл мамыр айында басталған. Жоба құны – 280,6 миллион теңге. Бүгінде жұмыстың 60 пайызы орындалып, ғимаратты қазан айының соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі мердігерге маңызды нысанды уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Балабақшаның іске қосылуы аудан тұрғындары үшін үлкен қолдау болатынын атап өтті.