Облыс әкімі Шәріптоғай ауылындағы медициналық пункттің жұмысымен танысты
Шәріптоғай ауылдық округі аудан орталығынан 6 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенде 230 адам тіркелген. Медициналық пункт 2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып, биыл пайдалануға берілді.
Мекемеде ересектер мен балаларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Қабылдауды фельдшер жүргізеді. Пункттің амбулаториялық-емханалық қуаттылығы – тәулігіне 25 адам.
Ғимарат заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда пациенттерді қабылдау кабинеті, процедура бөлмесі, дезинфекциялық құралдарды сақтау бөлмесі және күту залы бар. Сапалы медициналық көмек көрсету үшін мекеме пульсоксиметр, дефибриллятор, физиотерапиялық аппарат, небулайзер, телекардиограф сияқты қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі Берік Уәли ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Облыс әкімі жергілікті тұрғындардың шағымына байланысты «Қалбатау – Майқапшағай» республикалық маңызы бар тас жолының Шәріптоғай учаскесіне арнайы барды. Тұрғындар елді мекеннен республикалық жолға шығатын қиылыстың жолы қауіпті екенін ескертіп, биіктетуді сұрады. Аймақ басшысы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен облыстық полиция департаментіне жол салушы мекеме өкілдерімен бірлесе отырып мәселені шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.