Абай облысында 79 жылдық тарихы бар колледжде баспасөз туры өтті
Абай облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында баспасөз туры өтті. Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды.
Колледж 1946 жылдан бері маман даярлап келе жатқан еліміздегі іргелі оқу орны. 79 жыл ішінде мыңдаған түлек түлеп ұшып, ел дамуына үлес қосып келеді. Мұнда 1381 студент білім алады, оның ішінде 1152-і күндізгі бөлімде оқиды. Оларға 141 ұстаз және 235 қызметкер сапалы білім беруде. Студенттер үшін оқу процесі толықтай заманауи техникамен жабдықталған.
Колледждің ерекше мәртебесі – Қазақстанда аэрофотогеодезия саласы бойынша маман даярлайтын жалғыз оқу орны болуы. Мұнда дрондар, ұшақтар және спутниктерден алынған деректер негізінде карталар, цифрлық рельеф модельдері және ортофотопландар әзірленетін кәсіби мамандар оқытылады. Сондықтан түлектерге сұраныс тек өңірде емес, ел көлемінде және шетелде де жоғары.
Жыл сайын мамандықтарға қызығушылық артып келеді. Мәселен, биыл 510 талапкер студент атанды. Колледж халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөледі. Дуальды оқыту тәжірибесі кеңейіп, кәсіпорындармен бірлесіп 16 білім беру бағдарламасы жасалды. Өткен жылы 45 оқытушы өндірістік базаларда тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар 10 студент пен 2 өндірістік оқыту шебері қазан айында Германияға үш айлық тәжірибеден өтуге аттанады. Ал Данияда өтетін «WorldSkills Denmark – 2025» халықаралық чемпионатында колледждің 4-курс студенті Нұралы Құмарбеков ел намысын қорғайды.
Сонымен бірге пилоттық бағдарлама аясында 10–11 сынып оқушылары жалпы орта білім аттестатымен қатар жұмысшы мамандығы бойынша диплом алды. Нәтижесінде 56 жас түлек оқуын жалғастырумен бірге еңбек нарығына ерте қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі Қазақстанның үздік колледждерінің қатарына еніп отыр. Бұл – оқу орнының бай тарихы мен заманауи даму бағытын, ұжым еңбегінің нәтижесін айқындайтын зор жетістік.