Абай облысында жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сай жүргізілуде
Өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталмақ. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметі ерекше форматта БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
Журналистер ЖЭО-1, Орталық жылу пункті 15/1, «Жігер СТ» ЖШС, «Орталық» қазандығы және Семей қаласының Сроства ауданындағы су құбыры құрылысының барысымен танысып, маңызды сауалдарға жауаптарын алды.
Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқановтың айтуынша, өңір алдағы 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына толық дайын.
Спикердің мәліметінше, қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жұмыстары штаттық режимде және бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, 3 қала мен 5 ауданда орналасқан 23 жылу көзінде және 24 шақырым жылу желісінде құрылыс, жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл мақсатқа жалпы 11 миллиард 800 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.