Семейде өрт сөндіру депосы ашылды
Бүгін Семейде жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты.
Өрт сөндіру депосында 6 арнайы техникаға орын қарастырылған. Нысанның жалпы ауданы – 0,82 гектар. Құрылыс «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қоры есебінен қаржыландырылды.
Жаңа өрт сөндіру депосы қаладағы азаматтық қорғау саласының инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды нысан. Ғимараттың жанында қызметкерлердің спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін фитнес-залы бар. 11 бөлмеден тұратын екі қабатты апартаментте өрт сөндіруші мамандарға қажетті барлық тұрмыстық және қосалқы жайлар қарастырылған.
Аймақ басшысы өрт сөндіру депосының ашылуы өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды нысан екенін атап өтті.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңа ғимарат Семей өңірінің азаматтық қорғау саласы бойынша 30 жылдағы алғашқы құрылыс екенін айтты.
Шара барысында өңірдегі өрт сөндіру бөлімдеріне өтімділігі жоғары КамАЗ бен Абай және Жаңасемей аудандарының Архат және Қайнар ауылдарына өрт сөндіру техникалары табысталды.
Бүгінде Абай облысында 70 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Оның 11-і жыл бойы тұрақты режимде қызмет етеді. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Бесқарағай ауданында және Мақаншы ауданындағы Алакөл демалыс аймағында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды. Жыл соңына дейін осындай бірнеше нысанды іске қосу жоспарланып отыр.