Қазақстанда емхананы еркін таңдау науқаны басталды
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын еркін таңдау науқаны басталды. Науқан екі айға жалғасып, 1 қарашада аяқталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Айсұлу Саимова баяндады.
Поликлиникасын еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрынғы тіркелген ұйымында қала береді. Дегенмен, мекенжайын, оқу орнын немесе жұмыс орнын ауыстырған жағдайда, сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылғанда, жыл ішінде де емхананы өзгертуге болады.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтарымен қатар, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер, қандастар, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де медициналық ұйымға тіркелуге құқылы. Тіркеу ерікті немесе міндетті сақтандыру шарттарының негізінде жүзеге асады.
Естеріңізге сала кетейік, таңдалған емханада қызмет көрсету 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүмкін болады. Бұрын тіркелген медициналық ұйымынан шығару автоматты түрде жүзеге асады.