Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңесте энергетиканы дамытуға қатысты маңызды мәселелер талқыланды

Бүгін Жақып Хайрушевтің төрағалығымен ҚР Энергетика министрлігінің отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды: ЖЭО үшін техникалық минимум қорытындысын беру процесінің ашықтығын Қоғамдық кеңесті тарта отырып Нарық кеңесі арқылы қамтамасыз ету, жылу жүйелерін жаңғырту мен жылу инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және отын-энергетика саласындағы кадрлық мәселелерді шешу. Бұл мәселелерді Қоғамдық кеңес төрағасы Жақып Хайрушев көтерді.
Отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері талқыланған бастамаларды іске асыру бойынша түрлі ұсыныстар мен идеяларын айтты. Қабылданған ұсыныстар мен ұсынымдар Энергетика министрлігінің одан арғы жұмысында және энергетика саласындағы тиісті шешімдерді қалыптастыруда ескерілетін болады.