Үкіметте Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын мақұлданды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралды.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Үкіметтің алдына экономикаға, агросекторға және логистика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты міндеттер қойылды.
Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары ұлттық экономиканың тұрақтылығын арттыруға, оның негізгі салалары мен мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғыртуға, инвестициялық ахуалды және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Жоба инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту, өнеркәсіптік қаңқаны нығайту, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні, көліктік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру, ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлік экономиканы дамытудың қозғаушы күші ретінде, адами капиталды дамыту, сондай-ақ парламенттік реформаны жүргізу сияқты 8 бағыт бойынша 87 іс-шарадан тұрады.
«Біз Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдаймыз. Жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту арқылы еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған барлық міндеттерге сай келеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Барлық қаржыландыру мәселелерін шұғыл шешу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Дауыс беру барысында жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары ережелерге сәйкес Жоспардың жүзеге асырылуын бақылауды және үйлестіруді қамтамасыз етеді.