Абай облысында сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант бөлінді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі «Ес-Аймақ» рухани орталығында жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім беру грантының иегерлерімен кездесті. Кездесуге өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж, мектеп директорлары, басқарма басшылары, студенттер қатысты.
Биыл облыс әкімдігі жоғары оқу орнында білім алуға ең қажетті, сұранысқа ие 32 мамандық бойынша 200 грант қарастырды. Педагогика, экономика, техника, құрылыс, медицина, ауыл шаруашылығы және IT саласы мамандарын даярлауға бағытталды.
Білім гранттарын бөлу бағдарламасы алғаш рет 2023 жылы қолға алынды. Биыл тұңғыш рет «Журналистика» және «Стоматология» мамандықтарына да грант қарастырылып, жаңа кадрларды даярлауға жол ашылды.
Ерекше атап өтерлігі, республика бойынша біздің облыс 200 грантпен алдыңғы орынға шықты.
Аймақ басшысы грант иегерлерін құттықтап, жастардың алған білімін туған елдің дамуына арнауы қажеттігін атап өтті.
Кездесуде облыс әкімінің грантына ие болған студенттер көрсетілген қолдау үшін өз ризашылықтарын жеткізді.
Кездесуде сондай-ақ Абай облысы педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мәдениет Ахметова, Alikhan Bokeikhan University тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов сөз алып, әкім гранты жастарға үлкен қолдау, зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Қазіргі таңда өңірдегі үш ірі жоғары оқу орнында – Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University және Семей медицина университетінде 20 мыңға жуық студент оқып жатыр.