Әлихан Бөкейхан университетінде ғылым саласының үздіктері анықталды
Әлихан Бөкейхан университетінде ғылым күні аясында 2022 жылдың білім саласындағы үздіктері анықталды. Салтанатты жиынға университет ректоры, профессор Шырын Құрманбаева, оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Іс-шара Мемлекеттік әнұранмен басталып, ары қарай ректордың құттықтау сөзімен жалғасты.
Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі - Саясат Нұрбектің ABU ұжымына жолдаған құттықтау хаты салтанатты түрде оқылды.
Әр жылдың ғылым саласының үздіктерін Әлихан Бөкейхан университеті жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастырып келеді. Сол дәстүр биылда жалғасып үздіктер марапатталды.
Кештің ең бірінші номинациясы - 2022 жылдың «Ғылым саласы бойынша үздік студенті» болды. Ұсынылған 5 үміткердің ішінен 3-ші орынды - Төлеуова Айжан иеленсе, 2-ші орынға - Жанкелді Серіккелді лайық деп танылды. Ал 1-ші орынды - Шарипханова Айым алды.
Келесі кезекте жылдың үздік доктаранты анықталды. Арнайы баллдарды санау жүйесі арқылы 4 докторанттың ішінен Қамбаров Азамат үздік деп танылды.
Сонымен қатар «Университеттегі үздік ғалымы» номинациясы да сарапқа салынды. Оқу ордасының 10 ғалымы өз құжаттарын тапсырып үміткер атанғанымен, жеңіс Төлебаева Құралайдың қанжығасына байланды.
«Үздік кафедра 2022» номинациясын 10 кафедра арасынан Қылмыстық құқықтық пәндер кафедрасы иеленді. Ал ғылым бағыты бойынша «Үздік факультет» аталымы - Заң факультетіне бұйырды.
Айта кетейік, әр номинацияда кімнің жеңімпаз болатыны тек соңында мөрленген конвертті ашқан соң белгілі болды. Жеңімпаз атанғандардың барлығына арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Наргиз АЙДЫН