Семей орманында жоспарлы көшет отырғызу жұмыстары басталды
Бүгін «Семей орманы» жұмысшылары мен еріктілер жоспарлы көшет отырғызу жұмыстарын бастады. Мемлекет басшысының 2020 жылғы Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай 5 жыл ішінде орман қорларында 2 млрд. көшет және аймақтар мен елді-мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу міндеттелген болатын.
Көшет отырғызу жұмыстарына Шәкәрім жоғарғы колледжінің 20 шақты студенттері ат салысты. Айта кетейік, көшет отырғызу жұмыстары табиғи тұрғыдан мерзімі шектеулі жұмыс. Қар кеткеннен бастап топырақ сулы кезде ғана қарағай өскіндерін отырғызуға мүмкіндік бар. Қалпына келтіру жұмыстарына «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 1500 штаттық жұмыскерлерінен бөлек 500 уақытша жұмыскерлерді маусымдық жұмысқа тартпақ. Жоба аясында 5 жыл ішінде 119 миллион 400 мың жас көшет отырғызылады.
Қарағай көшеттерін отырғызудың ерекшеліктері: көрші тұрған екі көшеттің арасы 70– 80 сантиметр болуы тиіс. Ағаштарды отырғызудың екі техникасы қатар қолданылып жатыр. Яғни, қолдан отырғызу және автоматтандырылған отырғызу.
Биылғы жылғы жоспарға сай 5100 гектар жерді қамтып, 21миллионнан астам ағаш отырғызу міндеттеліп отыр. Орман ағаштарының санын көбейту жұмыстары 2025 жылға дейін өз жалғасын таппақ. Егілген көшеттер орманшы мамандар бақылауында 2 жыл болады, ары қарай табиғи жолмен өсіп жетіледі.
Жоспарлы жұмыстардан бөлек «Саябақтар шеруі» атты дәстүрлі көшет отырғызу шарасы да жақын арада жасалмақ. Кез келген қала экологиясына бейжай қарамайтын, көгалдандыруға өз үлесін қосқысы келетін азамат акцияға қатыса алады.
Наргиз АЙДЫН