Аягөзде әлеуметтік үйлердің жекешелендіру мәселесі заң аясында шешіледі
Аягөздегі 267 тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы, толық емес отбасыларға берілген. Дегенмен, ағымдағы жылы аталған үйлерді жекешелендіруге байланысты қиындықтар туындаған. Аталған мәселе бойынша облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен облыстық жұмыс тобы құрылды. Бүгін жұмыс тобының мүшелері аудан тұрғындарымен кездесіп, заң аясында атқарылатын шараларды егжей-тегжейлі түсіндірді.
Абай облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Мейіржан Қалиасқаровтың айтуынша, мәселе жер учаскелерінің құқықтық рәсімделмеуінен туындаған.
Оның айтуынша, ендігі кезекте кәсіпкерлер мен аудандық әкімдік бірлесе отырып, ортақ шешім қабылдауы тиіс. Әрбір жер учаскесі бойынша кадастрлық төлем көлемі 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейін.
Аягөз қаласының тұрғыны, көп балалы ана Күмісхан Қыдырмолдина билік өкілдерінен бұл мәселенің тезірек шешілуін сұрады.
Облыс әкімі Берік Уәли бұл мәселені қараша айының соңына дейін толық шешуді тапсырды. Жұмыс тобы осы уақыт ішінде тұрғындардың өтініштері мен құжаттық рәсімдерін заң шеңберінде реттейтін болады.