Қызылорда қаласында Абай облысының мәдениет күндері басталды
Облыс әкімі Берік Уәли бастаған делегация құрамында Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай, кәсіпкер Дулат Тастекеев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, Абай атындағы драма театр ұжымы бар.
Облыс делегациясы Қызылорда қаласындағы өнер орталығында егін жинау науқанының аяқталуына және жаз бойы еңбек еткен шаруаларға құрмет көрсетуге арналған «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасына қатысты.
Шара барысында сөз сөйлеген аймақ басшысы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде «Анаға тағзым» орталығын салып беретіні үшін ризашылығын жеткізді. Қос облыстың тарихи үндестігі мен рухани сабақтастығын, ел дамуына қосқан ортақ үлесін атап өтті.
Облыс делегациясына Қызылорда қаласындағы түрлі нысандардың жұмысы таныстырылады. Абай облысының Қызылорда қаласындағы мәдениет күндері аясында Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклін көрерменге ұсынады. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, семейлік ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов қызылордалық оқырмандармен кездеседі.