Абай облысында жаңа «Келешек мектебінде» ерекше форматтағы Ашық есік күні өтті
Аягөз қаласында салынған жаңа №11 жалпы білім беретін «Келешек мектепте» ерекше форматтағы Ашық есік күні ұйымдастырылды. «Келешек мектеп – кедергісіз орта» атты EduFest іс-шарасына 100-ге жуық ата-ана, 200-ден астам оқушы мен ұстаз қатысты. Қатысушылар заманауи білім ордасының құрылымымен, оқу процесінің ерекшеліктерімен және жаңа форматтағы оқу кеңістігінің мүмкіндіктерімен танысты.
Бұл – Абай облысындағы төртінші «Келешек мектебі». 600 орынға арналған үш қабатты жаңа ғимараттың құрылысы толық аяқталып, екінші тоқсанда оқушыларды қабылдауға дайын. Мектепте 30 пән кабинеті, 6 зертхана, спорт және акт залы, кітапхана мен оқу залы бар. Оқу процесі бір ауысымда және толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі.
EduFest барысында мектеп кеңістігі зертханалық және тәжірибелік сабақ алаңына айналды. Қатысушылар жаратылыстану, математика, ағылшын тілі, көркем еңбек сияқты пәндерден өткізілген ашық сабақтарға қатысып, жаңа оқу ордасының артықшылықтарын өз көздерімен көрді.
Оқушылардың бірі Аружан Кабдулмаратова, жаңа мектептің зертханалық мүмкіндіктері ерекше әсер қалдырғанын айтты.
Ал 11-сынып оқушысы Бақнұр Берікболов жаңа технологиялық сыныптардың оқуға деген ынтаны арттыратынын атап өтті.
Мұғалімдер де жаңа кеңістіктің оқу процесіне серпін беретінін атап өтуде. Информатика пәнінің мұғалімі Асель Нұрлановна бұл мектептің оқыту тәсілін түбегейлі өзгертетінін айтады.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Төлеубекқызы да мектептің басты ерекшелігі – зерттеу мәдениетін дамытуға жағдай жасалғанын атап өтті.
Ата-аналар да жаңа мектептің жайлылығы мен мүмкіндіктеріне ризашылық білдірді. Мәселен, Жанат Ералиева мұндай білім ордасы көптен күткен арман болғанын айтты.
Ал Дана Баянбаева мектеп инфрақұрылымының балаға қолайлы етіп жасалғанын ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында оқушылар Абайдың 180 жылдығына арналған көрініс қойып, өлең мен қара сөздер оқыды, ән шырқады. Мектеп фойесінде «Болашақ қабырғасы» интерактивті аймақ ұйымдастырылып, қонақтар өз тілектерін жазып қалдырды.
Аягөздегі жаңа «Келешек мектебі» білім ордасы ғана емес, баланың қызығушылығын оятатып, ұстаздың шабытын арттыратын, ата-ананың сенімін нығайтатын ортаға айналып отыр. Бұл – аймақтың білім беру кеңістігіндегі жаңа сапалы кезеңнің айғағы.